Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия мүшелеріне Батыс Қазақстан облысының Бала құқықтары жөніндегі жаңа уәкілін таныстырды. Облыс әкімінің өкімімен Бала құқықтары жөніндегі уәкілі болып Жанат Жандоллақызы Нұрмағамбетова тағайындалды.
Бақытжан Нарымбетов өз сөзінде Жанат Жандоллақызы қадағалау саласында – ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің БҚО бойынша басқармасында түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеген тәжірибелі тұлға болып табылатынын атап өтті.
Жанат Жандоллақызы өзінің еңбек жолын мектепте бастаған, яғни жас ұрпақтың тәрбиесін жақсы біледі. Аға әділет кеңесшісі деген шені мен көшбасшылық қабілеті бар мықты ұйымдастырушы. Оның белсенді ұстанымы өңір тұрғындарына жақсы таныс. Ол - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссия, облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, ана мен баланы қолдауды, жасөспірімдерді тәрбиелеуді, олардың құқықтарын қорғауды қоса алғанда, өзекті мәселелер көтерілетін Әдеп жөніндегі тәртіптік кеңестің отырыстарына тұрақты қатысқан жан. Әр уақытта ҚР Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жанындағы облыстық Балалар құқықтарын қорғау департаментінің әлеуметтік жобаларын іске асыруға да атсалысты.
Жиын барысында Бақытжан Нарымбетов облыстың балалар құқықтары жөніндегі уәкіліне Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді іске асыруға жете күш салуы қажет екенін атап өтті. Жаннат Жандоллақызы өңір балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, буллингтің алдын алу, қажетті әлеуметтік сүйемелдеуді қамтамасыз ету және балалардың құқықтарын қорғаудың басқа да маңызды бағыттар бойынша белсенді жұмыс істеу шараларын ұйымдастыруы тиіс.
Бақытжан Хаберұлы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмысы халықпен, ата-аналармен, балалармен, барлық деңгейдегі педагогтармен, қоғамдық ұйымдармен және тиісті мемлекеттік құрылымдармен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сол себепті осы бағыттағы жұмыстар нәтижелі диалог негізінде құрылуы керек, әрі Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуының мазмұнын ашуы тиіс.
Кездесу соңында облыс әкімнің орынбасары Жаннат Жандоллақызына ел игілі үшін жүзеге асуы тиіс міндеттерді орындауда табыс тіледі.