Облыс әкімі Нариман Төреғалиев іссапармен Жаңақала ауданына барды

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев іссапармен Жаңақала ауданына барды

Ол Қызылоба, Көпжасар және Жаңақазан ауылындағы нысандардың жұмысымен, тұрғындардың тұрмысымен танысты.

Өңір басшысы ең әуелі Қызылоба ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктінің ашылу салтанатына қатысты.
Өңір басшысы дәрігерлердің жұмысына сәттілік тілеп, қызу жұмыс істеп, қызылобалықтарды қуантқан мердігерге алғыс айтты. Оған қоса ғимарат кабинеттерімен танысып, ауыл тұрғындарының өтініш-тілегін тыңдады.
– Бұл Қызылоба ауылы құрылғалы бері салынған алғашқы нысан екен. Жалпы денсаулықты сақтаудың тиімді моделін құру бағытында көптеген игі шаруалар атқарылуда. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да баса назар аударып отыр. Биыл облыс бойынша осындай 12 фельдшерлік-акушерлік пунктті салу жұмыстары басталды. Бүгінде соның 6-ы пайдалануға берілді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Облыс әкімі Көпжасар ауылына табан тіреп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асырылған «Сәдір» АШӨК жұмысымен танысты. Аталған АШӨК басшысы Ербол Мусиннің айтуынша, олар 2,5 пайыздық несиемен 21 млн 500 мың теңге қаржы алып, ет өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Сиыр етінен шұжық өндіріп, құрамына ет қосылған түрлі тағамдар дайындап, тұрғындарға ұсынуда. Олар алдағы уақытта жаңа мамандарды жұмысқа қабылдап, нан пісіріп, сатпақ ниетте. АШӨК құрамында 20 маман бар. Өңір басшысы ауылда осындай кәсіп бастағандардың жұмысына жеміс тіледі. Облыс әкімі дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен толық танысып су жаңа жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады.

Көпжасар дәрігерлік амбулаториясы 1989 жылы салынған. Мұнда 1497 тұрғын тіркеулі тұр. Емханада 10 шақты маман жұмыс істейді. Ғимарат 2019 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа құрылғылар сатып алынды.