БҚО-да «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының XIХ маусымының ашылу салтанаты өтті

БҚО-да «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының XIХ маусымының ашылу салтанаты өтті

 

🌲Бүгін, Деркөл мәдени-демалыс саябағында БҚО «Жасыл Ел» жастар еңбек және құрылыс жасақтарының кезекті маусымының ашылу салтанаты болып өтті. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен мемлекеттік қызмет мекемелерінің басшылары және «Жасыл Ел» жастар еңбек және құрылыс жасағының сарбаздары қатысты.

🌴15 жылдан астам тарихы бар «Жасыл Ел» бағдарламасымен бүгінгі таңда облысымызда 25 мыңнан астам жастар қозғалыс мүшесі болып, мерзімді жұмыспен қамтылған. Биыл облыста бағдарлама аясында экобағыт бойынша 1175, ал құрылыс жасақтары бойынша 500 адам жұмыспен қамтылатын болады.

🌿Шарада өткен жылдың қорытындылары мен еңбек маусымында атқарылған жұмыстар көрмесі ұйымдастырылды. Өңір басшысы көрмемен танысып, әрі қарай еңбек маусымының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жас сарбаздарды құттықтады.

☘️«Жасыл Ел» жобасының басты мақсаты - жастарды білімдерімен бірге еңбекке баулу. Бүгінгі күні жасақ сарбаздары өңіріміздің дамуына үлес қосуда. Сондай-ақ, қаланың тазалығы, экологиялық мәселелерге үлес қосу арқылы еліміздің дамуына атсалысып жатыр.
Баршаңызды еңбек маусымының ашылуымен құттықтай отырып, сіздерге ең бастысы денсаулық тілеймін. Еңбек арқылы барлығына жетуге болады. Білімдеріңді одан әрі жетілдіре отырып, еңбек етуден қашпауларыңыз қажет. Еліміз бен облысымыздың дамуына осылай үлес қоса беріңіздер!», - деді облыс әкімі.

🪴Сондай-ақ, жиында еңбек жасағының командирі облыс әкімін «Жасыл Ел» еңбек маусымында бас командир етіп сайлап, еңбек жасағының формасын табыстады.

🌱Әрі қарай салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты. Сахнада кішкентай бүлдіршіндер «Қазақстаным» әнін орындап, өңірдің мың бұралған бишілері дөңгелене биледі. Табиғат аясындағы еңбек маусымының ашылу салтанаты осылай мерекелік көңіл күйде аяқталды.

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі