Облыс әкімі Орал қаласындағы абаттандыру және жол жөндеу жұмыстарын тексерді

Облыс әкімі Орал қаласындағы абаттандыру және жол жөндеу жұмыстарын тексерді


Құрылыс маусымы басталғалы облыс аумағында жолдарды жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Нариман Төреғалиев Сырым Датұлы көшесіндегі орташа жол жөндеу жұмыстарын тексерді. Әбілқайыр хан даңғылынан Шолохов көшесіне дейінгі аралықтағы жөндеу жұмыстары 10 мамырда басталған болатын. Тексеріс барысында төселетін асфальт жабынын тегістеп, тығыздауға арналған жол катоктарының жеткіліксіздігі анықталды. Өңір басшысы мердігерге жол жөндеуге арналған қажетті барлық техниканы жұмылдыруды, жұмыстарды барлық талаптарға сәйкес жүргізуі керектігін қатаң ескертті.

Самара-Шымкент трассасы бағытындағы М-32 автожолы бойындағы көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Орташа жөндеу аясында көпірдің 5-6 см беткі төсемі фрезерлеп, жаңа асфальт жабыны төселді. Бағаналар орнатылып, жолдың бойы жарықтандырылды. Бүгінде мердігер жол қозғалысы қауіпсіздігін ұйымдастыру мақсатында жол қоршауларын орнатуда. Тексеріс барысында учаскеде ақаулар анықталды. Нариман Төреғалиев тегіс орнатылмаған жол қоршауларын, қисайған бағаналарды сынға алды. Мердігерлер олардың барлығын жоюы тиіс.

Орал қаласында аулаішілік аумақтар мен балалар алаңдарын абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Аймақ басшысы бірқатар аулалар мен қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстарымен танысты. Нариман Төреғалиев аулалар жайлы болуы үшін бос жерлер, қараусыз қалған учаскелерде таза ауада уақыт өткізуге арналған жаңа жайлы орындар ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар, облыс әкімі тұрғындармен тілдесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Жұмыс сапары соңында Нариман Төреғалиев Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановқа анықталған кемшіліктерді тез арада түзетуді, жұмыстарды сапалы жүргізуді тапсырды.