РЕСЕЙМЕН ШЕКАРАДАҒЫ АХУАЛ ТОЛЫҚ БАҚЫЛАУДА

РЕСЕЙМЕН ШЕКАРАДАҒЫ АХУАЛ ТОЛЫҚ БАҚЫЛАУДА


  • Батыс Қазақстан облысымен шектесетін Ресеймен шекарадағы ахуал толық бақылауда. Бұл туралы БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім етті.

    Б.Нарымбетовтің айтуынша, барлық күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет етуде.

    Қазіргі таңда Ресей Федерациясынан Қазақстанға өтетін шекара бекеттерінде тәуліктік патрульдеу жүргізіліп жатыр.
    Оның сөзіне қарағанда, «Сырым», «Шаған», «Тасқала», «Теплый» шекара бекеттерінде полиция департаменті қызметкерлері тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуде. Орал қаласы бойынша патрульдік полиция мен жаяу жасақтар көбейтіліп, барлық қоғамдық жерлер бақылану үстінде.

    Одан бөлек еріктілерден құрылған 5 топ (25 адам) облыс орталығындағы алаң, парктерге бақылау жасап, мониторинг жүргізуде.

    Облыстағы еріктілер Ресейден келгендерге жиналу орындары мен көмек көрсету орындарын (теміржол бекеті, автобекет, «Дина» супермаркеті) белгілеп, қолұшын беруде.
    Облыс әкімі орынбасарының мәлімдеуінше, тасымалдаушылармен шекарадан Оралға және одан әрі жеткізу орындарына дейін келісілген бағада (1 адамнан 700 рубль) тасымалдау жүргізілуде.

    Облыс еріктілерінің бастамасымен «Атамекен» және «Самал» жазғы лагерьлерінің базасында келушілерді ақылы түрде қабылдау пункттері (барлығы 330 орын) ұйымдастырылды.
    Күні бүгін аталған қабылдау пункттерінде уақытша тұру және тамақтану қызметтері ақылы түрде көрсетілуде (уақытша тұру +тамақтану ақысы – 5000 теңге).

    Ресейден келгендер және өңір тұрғындары түйткілді мәселелерді шешу мақсатында 109 бірыңғай call-орталығына хабарласуға болады.
    Сонымен бірге әлеуметтік желілерде еліміздің басқа өңірлеріне жүретін тұрақты автобус маршруттарының қозғалыс кестесі, жолақы бағасы туралы ақпараттар орналастырылды. Мысалы, қалыптасқан жағдайға байланысты Атырау қаласына жолаушылар автобусы күніне үш рет қатынауда.
  •  
  •