Ортақ шаруада мүдделілік артсын Өткен аптаның жұмасында облыс әкімі Ғали Есқалиев Ақжайық ауданының жұртшылығымен кездесті

Ортақ шаруада мүдделілік артсын Өткен аптаның жұмасында облыс әкімі Ғали Есқалиев Ақжайық ауданының жұртшылығымен кездесті

 

Ақжайық – ауыл шаруашылық тұрғысынан алғанда инвестициялық қолайлы аудан. Жайықтың бойын тең жайлаған ауданда 1078 шаруашылық құрылымдары бар. Саладағы жалпы өнім де былтырғымен салыстырғанда 23,9 пайызға артып, 26,9 млн теңгеге жетті. Бұл ақжайықтықтардың берекеге бетбұрыс жасағанының анық көрінісі. Жиында алдымен сөз алған аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов өз баяндамасында да ауыл шаруашылығының даму деңгейі мен шаруаларды толғандыратын өзекті мәселелерді алдыңғы орынға шығарыпты.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, өңірде саланың дамуына қаражат салғандардың қатары жыл санап қалыңдап келеді. Мысалы, былтыр шаруалар өз ісінің қарқын алуына 1 млрд 512 млн теңге инвестиция салған. Қыр төсіндегілердің осы ұмтылысына сай мемлекеттен бөлінетін субсидия көлемі айтарлықтай өсуде – 980 млн теңге.

Өзге өңірлердегідей, аудан экономикасы, соның ішінде ауыл шаруашылығының өркендеуі суландыру жүйесіне тікелей тәуелді. Бірнеше жыл қатарынан Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмен болуы салдарынан мал ұстаған ағайынға біраз ауыртпалық түскені анық. Тайпақтық шаруалар Бағырлай өзенінің кеуіп қалғанын, сондықтан малына су іздеп, тентіреп кеткендерін мәселе етіп көтерген болатын. Аудан әкімінің сөзінше, бұл күрмеудің шешілер күні таяу. Атамекен ауылы тұсынан кіші өзенге Жайықтан су жіберу үшін қалқымалы сорғы орнатылмақ. Облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесін жөндеу жұмыстары бел ортасына келді. Осы күнге дейін арнаның 66 шақырымы тазартылған.

Біраздан бері шаруалардың бас ауруына айналған су мәселесін шешудің бір жолы –қар суымен қарасуларды толтыру. Осы мақсатта Бударин, Жаңабұлақ, Мерген, Ақсуат, Тайпақ, Чапаев ауылдық округтерінің аумағындағы ескі арна, тоған мен көлтабандар тазартылды.

Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер дейміз. Яғни мемлекетіміздің стратегиялық қоры болып табылатын жерге қатысты да «майда-шүйде» мәселе болмайтыны белгілі. Соңғы үш жылда пайдаланылмай жатқан көлемі 68,2 мың га 60 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, қайта айналымға енгізілген.

Облысымыздың өзге өңірлеріндей, Ақжайықта жол мәселесі өзекті тұр. Республикалық маңызы бар «Орал – Атырау» күрежолының бойында 23 елді мекен болса, солардың тек бесеуіне кіреберіс жол талапқа сай. Аудан бойынша 45 ауылдың ішінде жолы жөнделген осы 5 ауыл ғана. Былтыр Тайпақ, Бударин, Ақсуат, Алмалы, Қабыршақты, Мерген ауылардының кіреберіс жолдарын жөндеуге ЖСҚ жасақталса, биыл қаражат тек Тайпақ пен Бударин ауылдарына ғана бөлінген.

Қ.Ш.Аймұхамбетов өз баяндамасында білім, мәдениет, инфрақұрылым, т.б. салалардағы көрсеткіштерді атап көрсетті.

Осыдан соң ол аудан тұрғындарының алдын ала колл-центрге жолдаған сауалдарына жауап берді. Сарытоғай ауылдық округінің қоғамдық кеңес мүшесі Қобыланды Бисембаев қыр-далаға нәр беретін арналар мен тоғандардың жәйі сын көтермейтіндігін, жөндеу жүргізілсе, тек Сарытоғай емес, Базартөбе, Базаршолан округтерінде мал шаруашылығының дамуына оң әсерін тигізетінін тілге тиек етіпті. Қ.Айтмұхамбетов Азнабай-Тайпақ жүйесінің аталған округтер тұсындағы каналдары аудан теңгерімінде екенін атап өтті. Жыл сайын округтердегі арық, тоған, көлтабандар кезекпен жөнделуде. Суландыру жүйесін жолға қоюды назарда ұстап отырған аудан әкімі бұл жұмысты қолға алуға уәде берді.

Чапаевтан сауал жолдаған Мәншүк Мәмбешева ауыл-ауылда көбейіп кеткен бұралқы иттер мәселесін айтыпты. Қ.Шадиярұлы заң талаптарына сай қаңғыбас иттерді жоя алмаса да, оларды аулап, стерилизациялау жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Былтыр аудан аумағында 152 бұралқы иттер мен мысықтар зарарсыздандырылған. Соның ішінде 56 еркек итке кастрация, 79 ұрғашы итке стерилизация, 5 еркек мысыққа кастрация; 12 ұрғашы мысыққа стерилизация жасалған. Аудан бойынша бұралқы иттер мен мысықтарды аулауды ұйымдастыру қызметіне өткен жылы 395,2 мың теңге қаржы бөлінсе, биыл 1,7 млн теңге қарастырылған. Осы мәселеге қатысты өз ойын білдірген облыс әкімі тұрғындардың үй жануарларын күтіп-ұстау ережелеріне бағыну керектігін айтты.

– Ит-мысық асырадың ба, есепке қой, тіркет, тиісті құжаттарды рәсімде. Бұл жерде барлық тұрғындардың мүдделілігі қажет. Көше кезген иттің барлығы қаңғыбас емес, олардың қожайыны бар. Көбейіп жатса, төбетін уақытында зарарсыздандырмаған иесінің енжарлығының салдары. Сондықтан өзімізді-өзіміз тәртіпке салмай, иттердің санын азайту мүмкін емес, – деді ол.

Тағы бір чапаевтық тұрғын Әлия Бегманова жайылымнан қайтып, көшеде жүрген малын қамап, айыппұл салатынына наразы. Осы сауалға қатысты түсінік берген аудан әкімі ауыл шаруашылығы жануарларын жеке және заңды тұлғалар кешқұрым және түнде қорада ұстау қажеттігін хабарлады.

– Сіздің аудан күре жолдың бойында. Күніне орташа есеппен «Атырау-Орал» жолымен 7мыңнан 10 мыңға дейін көлік әрі-бері өтеді. Осы жылдың 3 айында үй жануарларының қатысуымен 2 жол-көлік оқиғасы орын алыпты. Мұның артында осы көлікте отырған жолаушылардың өмірі тұр. Мал бағылмаса, жолда ажал құшқан адамдардың саны да азаймайды. Осыны қаперімізде ұстайық. Сонымен қатар бос жүрген мал ауылдың келбетіне де нұқсан келтіреді. Ажары қашқан ауылда жастардың тұрғысы келеді деп ойлайсыздар ма? Мысалы, былтыр ауданнан 600 адам көшіп кеткен, басым бөлігі – жастар. Олардың ауылда тұрақтап қалуы үшін біз өз тарапымыздан жол, су, газ жеткізіп, абаттандыру жұмыстарын қолға алудамыз. Қалғаны өз қолдарыңызда, – деді өңір басшысы.

Базаршоландық Мейрамбек Айдаровтың сұрайтыны – интернет байланысын орнату. Биыл бірнеше ауылға ұялы байланыс желісі, сонымен бірге интернеттің де орнатылатынын хабарлаған аудан әкімі осы саладағы жұмыстарды атап өтті. «Аудан бойынша 45 елді мекеннің 18-інде ұялы байланыс жоқ. Көрші ауылдарда орнатылған мұнаралардан тартып отырған соң, сапасы шамалы. Былтыр 5 елдімекен тұрғындары ғаламторға қосылу мүмкіндігіне ие болса, биыл қалғандары да осы қатарға қосылмақ. Солардың ішінде Базаршолан ауылы да бар», - деді Қ.Шадиярұлы.

Атамекеннен жиынға арнайы келген Төлеген Байғалиев ауылда кеңестік дәуірден бері қордаланған қоқыс үйінділерін тазартуға көмек сұрады. Бұған аудан әкімі күл-қоқысты тазалауға қаражат бөлініп жатқанын, десе де шектелген сома мөлшерінде барлық елді мекенде бірдей аталмыш жұмыстарды қолға алу мүмкін еместігін, реті келгенде Атамекенге де қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Осы сұраққа қатысты өз пікірін білдірген Ғ.Есқалиев ауылдың жай-күйі – ауылды мекен еткен тұрғындардың өз қолында екенін айтты:

– Бүгінде ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде 4 деңгейлі бюджет енгізілді. Яғни округтің табысы өзіне тиесілі. Түскен қаражатқа ауыл ішін тазарту сынды ортақ шаруаларды шешуге болады. Ал сол табыс қайдан түседі десек, ол салықтан құралады. Маған ұсынылған деректерден көріп отырғаным, жергілікті шаруа қожалықтарынан түскен салық көлемі аз. Осы ретте мал санына қарай жұмысшы алып, барлық төлемдерін уақтылы жасап отырған «Сәбит», «Шынар» шаруа қожалықтарын үлгі етуге болады. Ал мемлекеттен 33 млн субсидия алып, есесіне қарамағындағы қызметкерлерге конвертпен тығып, жалақы беріп отырған шаруаларды қалай түсінеміз? Бұның арты азаматтарымыздың ертең зейнетақысыз, медициналық сақтандырусыз қалуына әкеледі. Осыны да назардан түсірмеу қажет.

Еңбек ардагерлері Тілес Жазықбай Тайпақ-Азнабай жүйесін қайта іске қосу арқылы Жайықтың деңгейінің төмендеп кете ме деп алаңдаса, Дәулетжан Жақсыбаев Чапаев ауылының тұсынан көпір салу жөніндегі ұсынысының аяқсыз қалғанын ортаға салды.

– Иә, Жайықтың суын үнемдеу керек. Қаупіңіз орынды, десе де өзен суын алу бойынша нақты есеп бар. Соған сай біздің облыс жылына 600 млн текше метр су алу керек. Бірақ біз қазір біз оның тек 150-200 миллионын ғана алуға қауқарлымыз. Тайпақ-Азнабай жүйесіне үздіксіз су берілмейтінін, яғни жылына белгілі мөлшерде су жіберілетінін де ескеруіміз қажет. Ештеңе артық емес, бәрі де белгіленген мөлшерге сай. Жайыққа көпір салу – экономикалық тұрғыдан алғанда тиімсіз. Қазір Атыраудан Ақтөбе арқылы жол салынуда. Ол іске қосылған кезде сіздің аудан аумағындағы жолдарға салмақ азаяды. Сондықтан біз Атырау-Орал жолына басымдық беруіміз қажет. Қажет болса, Чапаевтың тұсындағыдай қалқымалы көпірді Тайпақ ауылына да орнатайық, – деді өз жауабында облыс әкімі.

Алмалылық тұрғын Гүлбану Қоспаеваның Орал мен Атырау қалаларындағы базарларда бағбандарға арнайы орын белгілеу, сауда орталықтарына өнімдерін делдалсыз тікелей өткізу туралы ұсынысын Ғ.Нәжімеденұлы құп алып, тиісті тапсырма берді. Ол сонымен бірге аудандық саз мектебінің директоры Армангүл Хамзинаның саз мектебіне жаңа ғимарат, аудан орталығында мәдениет үйін салу туралы тілегін де қабылдап, назарына алатынын айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғ.Есқалиев тұрғындарды толғандырған мәселелердің барлығының да назарда екенін атап өтті.

– Ақжайық – батырлардың елі, ақындардың мекені ретінде танылған өңір. Туған мекенінің өркендеуіне шаруалардың да қосқан зор үлесін айта кету керек. Ауыл шаруашылығы жағынан облысты алға сүйрейтін аудан десем, артық айтқаным емес. Төрт түліктің басы, өнімі айтарлықтай өсуде. Әрине, ауданда облысқа ортақ жол, байланыс, тазалық, өзге де мәселе жетерлік. Солардың бірқатарын өздеріңіз де көтердіңіз. Мұның бәрін бір демде шешу мүмкін емес, бәріне қаражат керек. Айталық, облыста жолдардың 39 пайызы ғана жарамды, қалғандарына жөндеу керек. Қазір Жәнібек-Сайқын, Ақсай арқылы Оралдан Орынборға апарар жолды жөндеуге кірісеміз. Біздің облыста басымдыққа ие күрмеудің бірі осы. Сол сияқты аудандарда да ең бірінші атқарылуы тиісті маңызды жұмыстарға алдымен қаражат бөлінеді. Мысалы, биыл Атамекен ауылында жаңа мектептің құрылысы басталса, Тайпақ ауылындағы Ы,Алтынсарин мектебі жөндеуден өтеді, – деді ол.

Жиын барысында ауыз су тапшылығы, кіре беріс, ауылішілік жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, мал бағымын ұйымдастыруға қатысты 16 ұсыныс-тілек жолданып, жауап берілді. Кездесуден соң облыс басшысы тиісті басқарма басшыларымен бірге ауыл тұрғындарын қабылдады.

Ауданға сапарында облыс әкімі Ғ.Есқалиев «Батыс-Нық» ет өңдеу комбинатының жұмысымен танысты.