ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНДА БОЛДЫ

ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНДА БОЛДЫ



Облыс әкімі Ғали Есқалиев арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұратын жандармен кездесіп, оларды келе жатқан Жаңа Жыл мерекесімен құттықтады. Ол 97 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Гаврил Чубтың бөлмесіне арнайы барып, қарияның қал-жағдайын білді.

Гаврил ақсақал 2006 жылдан осы мекеменің тәрбиеленушісі. 1941-1949 жылдары Кеңес әскері қатарында болып, соғысқа қатысып, 8 жыл НКВД жасағында «СМЕРШ» тобында қызмет еткен.

«Қызыл Жұлдыз», 1 дәрежелі «Отан соғысы» ордендері және бірнеше медальдардың иегері. Бейбіт өмірде ұзақ жылдар Теректі ауданының Подстепное ауылында мамандығы бойынша механик болып жұмыс істеген.
Соңғы жылдары қарияның денсаулығы кеми бастаған. Көзіне ота жасаған, қазір көзі көрмейді деуге болады, есту қабілеті де нашарлаған. Осындағы тұрмысына ол шағымданбайды, айтуынша, тәрбиеленушілерге жергілікті басшылық тарапынан барлық жағдай жасалған.

Облыс басшысы, сондай-ақ 1 топ мүгедегі, 75 жастағы Баймағамбет Батырғалиевтың, осында үйленіп, тұрмыс құрып жатқан отбасылық жұп Александр Сариев пен Гүлнар Айдарғалиеваның бөлмесінде болды.

Орал әлеуметтік орталығының директоры Арман Дәулетовтің сөзінше, мекемеде 476 қызмет алушы болса, соның 194-і қариялар және 1,2 топтағы мүгедектер. Орталықта психикалық ауытқуы бар әйелдер және ерлер бөлімі бар. Әйелдер бөлімінде 141, ерлер бөлімінде 140 адам қызмет алады.
– Бұл ғимарат 260 адамға арналған. Оларға мәдени-спорттық, оңалту шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар бізде 2016 жылы стационарлық бөлім ашылды. Мұнда 23 балаға стационарлық қызмет көрсетіледі. Жыл сайын материалдық-техникалық базамыз жақсарып келеді.Алдағы жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда,-деді ол.

 Ғали Нәжімеденұлы орталық тәрбиенушілернің бәрімен де емен-жарқын жүздесіп, оларды алдағы жаңа жылдарымен құттықтады.