Дүниежүзілік банктің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, ақжаулықтылардың әлеуетін толық деңгейде пайдаланбаудың салдарынан күллі әлем жылына 30 трлн. АҚШ долларын жоғалтады. Сондықтан жаһандану заманында өркениетті мемлекеттер нәзік жандылардың саясатта, экономикада, әлеуметтік салада белсенді рөл атқаруына мүдделілік танытады. Дамушы елдер санатындағы біздің қоғамда да қыз-келіншектердің әлеуетін, мүмкіндік аясын кеңейту мақсатында ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тұсында өткен жолымызды зерделеп, жетістіктерімізге марқайып, олқылықтарымызды түзетуге ұмтылып, болашаққа көз тігетініміз айқын. Тәуелсіздік жылдары қол жеткен жетістіктердің бірі ретінде отандық кәсіпкерлік саласының қалыптасуы мен дамуын мысалға келтіруге болады. Күллі еліміздегідей Ақ Жайық өңірінің экономикалық дамуында әйелдердің үлесі қомақты. Облыстық мәслихат ғимаратында "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы жанындағы кәсіпкер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен "Бизнестегі әйел: табысқа жету қадамдары" атты іскер әйелдердің форумына кәсіптерінен табыс тапқан, өзгелерді жұмыспен қамтыған қыз-келіншектер, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарынан делегаттар қатысты. Олар жетістікке жету сырларымен бөлісіп, жас толқынды өнегелерімен жігерлендірді. «Мұндай әйелдерді self-made woman деп айтуға болады, олар жетістіктерге өз бетімен, адал еңбегімен, шыдамдылығымен жетті», – деді облыс басшысы Ғали Есқалиев алқалы жиындағы құттықтау сөзінде.
– «Әйелдің асылы ісінен білінеді» дейді. Қыз-келіншектер еліміздегі кәсіпкерлік саласын дамытуға белсенді атсалысып келеді. Бүгінде олардың шағын және орта кәсіпкерліктегі үлесі ер азаматтармен тең болып отыр. Қызмет көрсету мен сауда салаларында жеке кәсіп ашып отырған әйелдер жаңа жұмыс орындарын ашуға, отбасылық кәсіпкерлікті қалыптастыруға септіктерін тигізуде. Отбасының ұйытқысы бола білген келіншектер жеке кәсіпте де табысты, іскер тұлға болып қалыптасқан. Әйелдердің іскерлік қарқыны Қазақстанда ғана емес, әлемнің бірқатар елдерінде қалыптасқан.
Келесі жылы ауылдық жерлерде іскер әйелдер кеңестері жанынан кооператив құру көзделген. Қанатқақты режімде Ақжайық ауданында жүзеге асырамақпыз. Кеңес мүшелері 15 сауын сиыр сатып алды. Енді көктемде тағы 10 сиыр сатып алып, сүт өңдейтін шағын өндіріс ашу жоспарлануда. Кеңес қызметі кәсіпкерлікті дамытумен шектелмейді. Қайырымдылық пен мұқтаж жерлестерге көмек көрсету – ақжаулықтылардың өмір сүру салты. Осы жылдар ішінде біз жүздеген көпбалалы және аз қамтылған отбасыға қаржылай көмек көрсеттік, сонымен қатар карантиндік шаралар кезінде денсаулық сақтау мекемелеріне қолдау көрсеттік, – деді Ляна Тұрсынова.
Форум барысында Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданынан көпбалалы кәсіпкер-ана Гаухар Сұлтанғалиева, Теректі ауданынан жас кәсіпкер, "NURBERGEN Health Resort" шипажайының басшысы Айна Баемирова, облыстық іскер әйелдер кеңесінің "West Women" кооперативінің директоры Зульфия Кубеева, Ақсай қаласындағы №4 мектептің 11-сынып оқушысы Гаухар Жұмағұлова өз жоба-бастамалары жөнінде ой бөлісті.
Шара соңында Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарының делегаттары, іскер әйелдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.