ЖАҢАҚАЛА ЖОЛДАРЫ ЖАҢАРУДА

ЖАҢАҚАЛА ЖОЛДАРЫ ЖАҢАРУДА


Дүйсенбі күні облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен Жаңақала ауданына барды. Аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Дархан Закарин аудан әкімі болып тағайындалды. Бұл шешімді ауданның 10 депутаты бірауыздан қолдады.

Аудан активінің отырысында Наурызбай Қарағойшин облыс әкімдігіне алғыс білдіріп, Дархан Әмірханұлының алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде Дархан Закарин де артылған сенімнің үдесінен шығатынын айтты. Жанболат Семенов, Зәкәрия Сисенғали, Алихан Досмұхамбетов, Қанат Ишимов сөз сөйлеп, аудандағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталды.

Өңір басшысы аудан орталығындағы бірнеше мекеменің жұмысымен танысты. Алдымен, «Рухани орталықтағы» жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, мәдени-көпшілік шараларға тарту мақсатында ашылған «Ардагерлер» клубы мен «Коворкинг» орталығына барды. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Қобыланды Сапиуллин «Коворкинг» орталығының жастардың тәжірибе алмасып, еркін пікірлесетін орнына айналғанын айтты.

Су сорғы станциясында ауыз су, жарықтандыру мен бөгеттер жұмысының мән-жайы баяндалды. Жалпы аудан аумағында 15 суландыру каналы (406,7 км) жұмыс жасайды. Оның 6-уы магистралды (213,5 км), 9-ы таратушы каналдар (193,2 км). Су қоймалары - Дөңгелек, Пятимар, Айдархан мен Сарышығанақ. 180 нидротехникалық құрылғы, 9 бөгет (Шапошников, Қаражол, Паром, Майдан, Сарыкөл, Қызылжар, Кармановка-1, Кармановка-2, Жаңаталап) бар. Аудандық электр желілері торабының материалдық-техникалық базасының жұмысымен де танысты.

Аудан аумағында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. «Чапаев-Жаңақала-Сайхын» облыстық автомобиль жолының «Жаңақала-Жаңақазан» учаскесі жұмысына кіріскен. Аудан орталығындағы 7 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Көпбалалы отбасыларға арналған 2-пәтерлік 20 тұрғын үйдің құрылысын көп ұзамай аяқтау жоспарлануда.

Аудан орталығындағы жұмыс аяқталғаннан кейін облыс әкімі «Хафиз» шаруа қожалығында шаруа қожалығы өкілдерімен кездесті. Олардың пікірін тыңдаған облыс әкімі көтерілген мәселелердің шешімін табу үшін қолынан келгенін аянбайтынын жеткізді.

Қызылоба ауылдық округінің фельдшерлік-акушерлік пункті мен күні кеше «Ерсұлтан» шаруа қожалығының иесі Сәндігүл Исмағұлова ашқан балабақша жұмысымен де танысты.