Казталов ауданы Бостандық ауылындағы сайлауға қатысушы тұрғындардың белсенділігі ерекше

Казталов ауданы Бостандық ауылындағы сайлауға қатысушы тұрғындардың белсенділігі ерекше

 

Казталов ауданына қарасты Бостандық ауылдық округінде сайлаушылардың белсенділігі артып тұр. Ауылдық округте есігін айқара ашқан №224 Бостандық, №225 Қаракөл сайлау учаскелерінде сайлаушылар қарқынды түрде өз таңдауларын жасауда.

Жергілікті сайлау учаскелеріндегі «Партиялық емес бақылау орталығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облысы филиалының байқаушысы Алтын Ақбаеваның сөзіне сүйенсек, №225 Қаракөл сайлау учаскесінде дауыс беру мүмкіндігіне ие 77 сайлаушы толығымен дауыс берген.

Ал №224 Бостандық сайлау учаскесінде сайлаушы мәртебесіне ие 933 тұрғынның 748-і өз таңдауын жасаған. Бостандық ауылдық округінде сайлау жәшігіне алғашқылардың бірі болып дауыс беру парағын салған тыл ардагері, 89 жастағы Мағрипа Мұхамбетжанова әжеміз. Ол ауылдастарына ақ батасын беріп, сайлау комиссиясының жұмысына сәттілік тіледі.

- Бүгін елмен бірге сайлау учаскесіне келіп өз таңдауымды жасадым. Ауылдық округ әкімі лауазымына тіркелген үміткерлердің барлығы да лайықты азаматтар. Кім әкім болса да халқына жақын боп, адал қызмет қылғай. Еліміз аман жұртымыз тыныш болғай! - деп тілегін білдірді әжеміз.

Жайық Пресс