БҮГІН ОРАЛДА "НҰР ОТАН" ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ САЯСИ КЕҢЕСІ БЮРОСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ”

БҮГІН ОРАЛДА "НҰР ОТАН" ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ САЯСИ КЕҢЕСІ БЮРОСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ”

Оған облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Ғали Есқалиев төрағалық етті.
Күн тәртібіне екі мәселе шығарылды: "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалының конференциясын шақыру және төрағаларды, партияның сайлауалды бағдарламасының бағыттары бойынша қоғамдық кеңестердің құрамын бекіту туралы.
Отырысқа қатысушылар партияның облыстық филиалының XXVII есептік-сайлау конференциясын шақыру мәселесін қарастырды. Бюро мүшелері осы жоспарларды бекітті, қаулы қабылдады. Осыған сәйкес конференция осы жылдың 13 мамырында өтеді. Партияның сайлауалды бағдарламасының бағыттарына қатысты екінші мәселені қарау кезінде өңірлік Қоғамдық кеңестердің қағидаларын, төрағалары мен құрамын бекіту талқыланды. Бұл мәселеге бюро мүшелері ерекше назар аударды.

Елбасы, Партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әр облыс, қала және аудан үшін партияның 217 сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша егжей-тегжейлі жол карталары бекітіліп, жауапты орынбасарлары мен орындаушылары тағайындалды. Қызметтің мерзімдері мен нақты түрлері бойынша сапаның 80 мыңнан астам нақты индикаторына қол жеткізу жоспарланып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру аясында партияның қоғамдық кеңестерінің қызметі жүйелі түрде қайта форматталды. Бұдан басқа, саяси кеңес Бюросының шешімімен партияның сайлауалды бағдарламасының жекелеген бағыттарының іске асырылуын бақылау үшін 14 Республикалық Қоғамдық кеңес құрылды.
Ғали Есқалиевтің айтуынша, партияның облыстық филиалы жанынан 12 Қоғамдық кеңес құрылған, олар облыстық мәслихат депутаттарынан, қоғамдық және партия белсенділерінен, зиялы қауым өкілдерінен, қоғамдық пікір көшбасшыларынан, табиғат қорғаушыларынан, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен, түрлі сала қызметкерлерінен құрылған.

- Партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жұмыс күшейтілетін болады. Осыған байланысты бақылауды күшейту мақсатында партия филиалдары жанындағы Қоғамдық кеңестердің саны артты, оларға өңірдегі беделді тұлғалар енгізілді. Бұл аймақта танымал және беделге ие азаматтар. Құрылатын қоғамдық кеңестер сайлау алдындағы бағдарлама саласында орындалу барысын бақылайтын болады. Олар мәселелерді уақтылы шешуге үлес қосатынына сенімдіміз. Сайлаушылардың үмітін ақтау-партия үшін басты міндет, - деп атап өтті "Nur Otan" партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев.
Отырыс соңында бюро мүшелері партияның облыстық және аудандық филиалдарының есеп беру-сайлау конференцияларын және бастауыш партия ұйымдарының жиналыстарын өткізу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, сайлауалды бағдарламаның бағыттары бойынша облыстық қоғамдық кеңестердің құрамы бекітіліп, төрағалары тағайындалды.

Партия көшбасшысы қойған міндеттерді назарға ала отырып, бюро мүшелері бірінші кезекте партиялық сайлауалды уәделердің орындалуына жүйелі бақылауды, бюджет қаражатының тиімді және ашық пайдаланылуына мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Кеңесті қорытындылай келе, облыс әкімі Ғали Есқалиев өңірді дамытуға бағытталған жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.