ӨҢІР БАСШЫСЫНЫҢ №5 ИДЕЯСЫ

ӨҢІР БАСШЫСЫНЫҢ №5 ИДЕЯСЫ

Өздеріңізге белгілі, өңір басшысы Ғали Есқалиев облыстың әлеуметтік-экономикалық даму келешегін, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, өңірдің климатына сай бизнес түрлерін дамыту, т.б. мақсатында бірнеше бизнес идеяларымен бөлісіп келеді. Соның бірі – заманауи такси қызметін дамыту.

Бүгінде облысымызда қызмет көрсету саласы кемшін дамып келеді. Бұған соңғы кезде тас жолдағы такси қызметінің жүгенсіздігін қосыңыз.
Өңір басшысы өзінің феисбук желісіндегі парақшасында такси қызметінің маңыздылығы туралы айта келіп, жобаны іске асырамын деушілер болса, мемлекет өз тарапынан кейбір жеңілдіктер жасауға дайын екенін жеткізді. Атап айтсақ, мемлекеттік мекемелер ғимараттары, әуежай, теміржол вокзалы алдында, жол бойында арнайы ақысыз автотұрақ беру, автобустарға бөлінген жолақтармен жүруге рұқсат беру, Қазақстанда жасалған автокөліктерді лизингке беру, тағы басқалар.

-Үлкен қалаларда такси қызметінің маңыздылығы қоғамдық автобустардан кем емес. Тек қалада емес, заманауи таксилер облыс аудандарына да қажет. Облысымызда жолға шықпас бұрын медициналық тексеруден өтетін сыпайы жүргізушілері, жолаушыларды сақтандыру полисі мен қолжетімді тарифтері бар таза, әрі қауіпсіз такси қызметі жетіспейтіні белгілі. Басқа қалалардағыдай эконом, комфорт, бизнес санаттары бойынша көліктер болу керек.

Бірқатар мемлекеттік мекемелер және оларға қарасты ұйымдар қызметтік көліктен бас тартып, жеке такси компанияларға қызмет көрсетуге арналған ұзақ мерзімді мемлекеттік тапсырыс береді. Менің ойымша, егер аталған критерийге сай такси пайда болса, онда көптеген жеке компаниялар өздерінің қызметтік көліктерінен бас тартады. Елордада қызмет еткенде, біз қалалық әкімдік қызметкерлерін қызметтік көліктен таксиге көшірдік. Нәтижесінде мемлекеттік бюджетті 55%-ға үнемдедік және жұмысшылардың еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар жергілікті такси компаниялары 5 жылға кепілдендірілген жұмысқа тапсырыс алды, -деді өңір басшысы феисбук желісіндегі парақшасында.


Егер осы жобаға қызығушылық танытсаңыз немесе қаладағы такси қызметін реттеу бойынша ұсыныстарыңыз болса, Орал қаласы әкімінің орынбасары Көлбаев Асхат Есмұханұлына (+7 701 711 96 87) хабарласуға болады.