Инвестициялық жобалар жандана түседі

Инвестициялық жобалар жандана түседі

Өткен апта соңында Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алманияз Ержанов өңірімізге жұмыс сапарымен келіп, бірқатар мекеме-кәсіпорындарды аралап, инвестиция тарту туралы кеңес өткізді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі инвестициятарту бағытындағы өткен жылғы атқарылған істер мен алда тұрған міндеттер жайы баяндалды.

- Өткен 2020 жыл әлем елдірі үшін оңай болған жоқ. Дегенмен, барлық келеңсіздіктерді пандемияға жаба салуға да болмасы анық. Әлемдегі тұрақсыздыққа қарамастан еліміздің әр өңірі ел экономикасын барынша құлдыраптау мақсатында жұмыстар атқарды. Дейтұрғанмен, инвестиция тарту бағытындағы атқарылар жұмыстар өзінің жақсы қарқынын төмендетіп алғаны да жасырын емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да айтылды. Осы жағдайларға байланысты біздің министрлікке үлкен міндеттемелер жүктелген болатын. Соның ішінде жоспарланып тұрып, іске аспай қалған жобаларды қайта жандандыру жұмыстары бар. Сол жобалар туралы өздеріңізбен бас қосып, ақылдасуды жөн көрдік, - деді А.Ержанов.

Мұнан соң вице-министр өткен жылы атқарылған істер мен алдағы межелерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, былтырғы жылығы пандемиялық жағдайға қарамастан  еліміздің бірқатар нақты салаларында өсім байқалған. Мәселен, құрылыс саласы 11%-ға, ауыл шаруашылық саласында 5,6%-ға, өнім өңдеуде 3,9%-ға өскен. Сондай-ақ жыл ішінде елдегі экономикалық құрылымда оң өзгерістер орын алған. Елдегі жалпы өңдеу өндірісінің ауқымы 39%-дан 48,8%-ға артқан. Сонымен қатар машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және метал бұйымдарын өндіру салаларында жаңа кәсіпорындар іске қосылған.

Кешегі әлемді жаулаған пандемия кезеңінің өзінде дамыған елдер шекараларының жабылуына қарамастан ішкі инвестжобалардың арқасында қалыпты жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Біздің елімізде осындай дәрежеге жетуді көздеп отыр. Біз мемлекет экономикасындағы өнім өндіру саласының зор мүмкіндіктерін толыққанды пайдалана білуіміз керек. Инвестиция тартқан кезде металлургия мен көлік жасау салаларына аса мән бергеніміз жөн. Батыс Қазақстан өңірі үшін машина жасау саласы дамудың басты драйвері болып қала бермек. Аталған сала бойынша қарқынды жұмыс жасап тұрған мекеме-кәсіпорындар да сіздің облыста орналасқан. Қалыпты жұмыс жасап, ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырған ірі кәсіпорын басшыларының жаңа жобаларын қолдауға әркез дайынбыз. Ол үшін елімізде «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2025» секілді нақты бағдарламалар бар. Айтылған бағдарламаларды мұнан әрі жүзеге асыру үшін 703 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондықтан облыстың кәсіпкерлерін жаңа жобалар ұсынып, бизнестерін одан әрі дамыту түсуге шақырамын, - деді вице-министр.

Кеңесте айтылған деректерге сүйенсек, елімізде тек биылғы жылдың қаңтар айында жалпы құны 60 млрд. теңгені құрайтын 333 жоба несиеленген.

Вице-минстрден соң сөз алған облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанна Бекқалиева өңірдегі инвест ахуал туралы баяндады.

Спикердің мәлімдеуінше, өткен жылы облыс экономикасындағы инвестиция көлемі 21,6%-ға төмендеп, 467 млрд. теңгені құраған. Негізгі төмендеу тау-кен өндіру, сауда, құрылыс және өнім өндіру саласында байқалған. Ал өңірдің ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай өсім бар. Бұл салада өткен жылы инвесторлардың қаржысымен екі ірі жылы жай құрылысы басталған болса, оның біреуі іске қосылған.

Жалпы былтыр облыста 18,7 млрд. теңгені құрайтын 7 ірі инвестжоба іске қосылған. Сондай-ақ инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету бойынша өңірлік кеңес өткен жылы жалпы құны 45 млрд. теңге болатын 19 инвестициялық жобаны мақұлдаған. Сонымен қатар Терекіті ауданының Пойма ауылы маңынан индустриалдық аймақ салу жұмыстары басталған. Бұл мақсатқа республикалық бюджет есебінен 100 млн. теңге қаражат қаралып, инженерлік желілер тарту жұмыстары басталған.

- Біз инвестиция тарту арқылы өнім өңдеу, ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығының үлесін еселеуді көздеп отырмыз. Жақында балық шаруашылығын өркендету мақсатындағы тым жақсы жобалар мақұлданды. Машина жасау саласының біздің өңір үшін маңызды болып қала бермек. Бірақ бұл салада да түйіткілдер аз емес. Бір ғана «Агрореммаш» секілді зауытын алып қарайық. Бұл кәсіпорын өз кезегінде 300-дей адамды жұмыспен қамтыған. Кейінгі жылдардағы құлдыраудың басты себебі тиісті дәрежедегі тапсырыстың болмауынан. Бүгінде бұл мекемеде 150-200 адам ғана жұмыс жасайды. Аталған зауыттың бойына қайта қан жүгіртіп, жұмысын ширатуына қолдан келер барлық жағдайды жасауға тырысамыз, -деді кеңесті қорытындылаған Мұхтар Манкеев.

Кеңеске қатысқан өңірдің ірі кәсіпорындарының басшылары жұмыс барысында кездесетіңн қиындықтар мен өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Әр кәсіпкерді мұқият тыңдаған вице-министр Алманияз Ержанов айтылған ұсыныстардың ескерусіз қалмайтындығын, министрліктік алдағы жұмыс жоспарына енетіндігін айтты.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz