"Облыстың денсаулық сақтау жүйесін дамытуға арналған бағдарлама керек"

"Облыстың денсаулық сақтау жүйесін дамытуға арналған бағдарлама керек"

 

Облыста былтыр 13670 сәби дүниеге келсе, оның 129-ы бір жасқа жетпей шетінеген. Ол сәбилердің дені, яғни 76-сы перзентханада, ерте неоноталдық кезеңде қайтыс болып отыр. Ал 38-і облыстық балалар ауруханасының жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінде шетінеген. Осы және денсаулық сақтау саласының өзге де мәселелері бүгін облыс әкімдігінде талқыланды. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысқан жиында өңір басшысы Ғали Есқалиев төрағалық етті.

- Өткен жылы перзентханалар мен балалар стационарында сәби өлімінің өсімі байқалды. Ана мен сәби өліміне түрлі жағдайлар себеп болуда. Перинаталдық себептердің арасында бірінші кезекте экстрагенитальды аурулары бар аналардан әлсіз және шала туылған нәрестелердің мерзімінен бұрын туылуы, диспансерлік есепте тұрған әйелдерді сауықтыру мен оңалту жұмыстарының жүргізілмеуі, әйелдерге денсаулық мектебінің жұмысының жеткіліксіздігі себеп болуда. Сондай-ақ былтыр  облыста үш ана өлімі тіркелді. Оның біреуі 2 қаңтарда ЖРВИ-дан, біреуі өкпе туберкулезінен, ал үшіншісі коронавирус індетінен қайтыс болды. Ана өліміне босану процесіне дейін қаралмауы себеп болуда. Жүкті әйел есепке ерте мерзімде тұрып, жүкті кезінде үш рет УЗИ құрылғысынан өтуі керек. Есепке кеш тұру, яғни алғашқы УЗИ-ге немесе генетикалық талдаманы 20 аптадан кейін тапсыру құрсақ ішіндегі нәресте денсаулығының дімкәстігін анықтауға мүмкіндік бермейді. Шарана өлімінің алдын алу үшін алдымен жүкті әйелдің денсаулығын қатаң қадағалап, босануға дайындау қажет. Отбасын, сәби жоспарлау кабинеттерінің жұмысын дамытып, жас мамандарды медицина саласының неонтология және балалар реанимациясы бөлімінің резидентурасына оқуға түсіру үшін бюджеттен қаржы бөлінсе дейміз,-деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ғизатолла Лямов.

Жиында талқыланған келесі мәселе - өңір тұрғындарының Ресейдің Самара облысына, Алматы, Нұр-Сұлтанға ем іздеп баруы болды. Бұл орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының міндетін атқарушы Арман Қалибеков баяндама жасап, облыстағы медицина саласының қаржыландырылуы, жетіспейтін медициналық жабдықтар төңірегінде баяндама жасады.  Оның айтуынша, биыл облыстық денсаулық сақтау саласына 58,1 млрд. теңге қарастырылған. Оның 1,02 млрд.-ы материалдық-техникалық базаны жақсарту, заманауи медициналық құрылғылар сатып алуға жұмсалмақшы екен. Бөлінген қаржы жүрек-қан тамыр хирургиясына, онкологиялық және офтальмологиялық көмекке, бет-жақ хирургиясы саласына және ана мен бала денсаулығын қорғауға арналмақ. Бұл бағыттағы жетіспейтін медициналық жабдықтарды толық қамтамасыз ету үшін және сол салаға мамандарды дайындау үшін 2 млрд. теңгеден астам қаражат керек екен. Бұл қаражатты жергілікті және республикалық бюджеттен және жеке инвесторлар есебінен тарту қажеттілігі туындайды. Өйткені заманауи медициналық жабдықтың жоқтығы кейде науқастарды қабылдауда қолбайлау болып отыр. Мысалы, қан-тамыр сырқаттарын  уақытында анықтау мен емдеуде жүректі электрофизиологиялық талдамадан (ЭФИ) өткізу қажет екен. Мұндай талдама арнайы медициналық құрылғының жоқтығына байланысты облыста жасалмайды, сол себепті науқастар республика көлеміндегі клиникалар мен алыс-жақын шетелдерге барып, квота негізінде және өз қаражаттарымен ем қабылдауда. Бұл мәселені шешіп, жаңа аппарат сатып алу үшін 550 млн. теңге көлемінде қаражат керек екен. "Сондай-ақ қазір қыз-келіншектерді маммографиялық талдамадан өткізетін құрылғы да ескірген. Ал өңірдегі сегіз медициналық мекемеде маммограф мүлдем жоқ. Осындай денсаулық сақтау саласындағы заманауи медициналық құралдың тапшылығына байланысты  өңір тұрғындары алыс-жақын шетелдерге  барып, ем алуда", - деді Арман Талғатұлы.

Сондай-ақ жиында сала ардагерлері  денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктер мен жетістіктерге тоқталды. Сала ардагері Бақтығали Ахметов әр ауылға дәрігерлік амбулаторияның қажеттігін,  дәрігерлердің қағазбастылығын тілге тиек етті.

- Медицина саласының ардагерлері мен тұрғындардың негізді сындарына сүйене отырып, облыстық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға арналған бағдарлама дайындау керек. Алдымен кезек күттірмейтін, яғни ана мен бала денсаулығына қатысты, жүрек-қан тамыр аурулары мен онкологиялық сырқаттарға байланысты жобаларды жүзеге асыруымыз қажет. Қаржылық ресурстардың көзін тауып, медициналық құрылғылар мен дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша да жоба-жоспар енгізуіміз керек. Сондай-ақ ауылдарға отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашу жұмыстары да бар. Өйткені осындай қажеттіліктердің артында тұтас ұлттың тағдыры тұр, - деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz