
Орал қаласында техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың республикалық жарысы ұйымдастырылды.
Ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары аясында өткізілді. Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары қатысты.
Республикалық жарыс аясында қатысушылар әуе, зымыран, дрон, көлік және кеме модельдеу бағыттары бойынша өздерінің инновациялық жобаларын таныстырып, техникалық модельдерінің тәжірибелік көрсетілімдерін өткізді.
Байқауға жалпы саны 180 білім алушы қатысты. Әр өңірден 9 оқушыдан іріктеліп, қатысушылардың жасы 10 мен 17 жас аралығын қамтыды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас өнертапқыштардың инженерлік және конструкторлық қабілеттерін дамыту, ғылыми-техникалық шығармашылықты насихаттау, сондай-ақ дарынды оқушыларды қолдау және олардың инновациялық идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік жасау.
Жарыс жас буынның ғылым мен техникаға деген қызығушылығын арттырып, болашақ инженерлер мен өнертапқыштардың тәжірибе алмасуына және өз жобаларын көпшілікке таныстыруына үлкен мүмкіндік берді.