ВИЦЕ-ПРЕМЬЕРГЕ ЗӘКІРЛІК КООПЕРАЦИЯЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ВИЦЕ-ПРЕМЬЕРГЕ ЗӘКІРЛІК КООПЕРАЦИЯЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

 

Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында өндірілген өнімдерді өткізу бойынша облыс әкімдігі мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы арасында жасалған меморандум нәтижелері туралы мәлімет берілді.

2024 жылғы шілде айынан бері мұнай-газ кәсіпорнына зәкірлік кооперациялар арқылы жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам ет, сүт, май, жұмыртқа және бау-бақша өнімдері тапсырылды. Азық-түлік жеткізудегі жергілікті қамту үлесін арттыру үшін кооперация құрудың 4 негізгі бағыты анықталды. Мәселен, «Орал құс фабрикасы» ЖШС «Ауыл аманаты» қатысушылары және өз құс фермасының өнімдерін компанияға жеткізеді.

«Батыс Нық» ЖШС облыстың оңтүстік аудандарында бағдарламаға қатысушылардан ірі қара малды жинап, оны арнайы алаңдарда бордақылап, ет өңдеу цехында қайта өңдеп, кейін «Қарашығанақ Оперейтинг Б.В.» компаниясына сатады. Ал «Рубежин» АШӨК бағдарламаға қатысушылардан көкөністер жинайды.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев бағдарлама қатысушыларынан сүт жинаумен айналысатын Бәйтерек ауданындағы «Батыс сүт» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде осы және өзге де зәкірлік коооперациялардың жұмысымен жан-жақты танысты.

Үкімет басшысының орынбасары «Ауыл аманаты» бағдарламасының қатысушылары мен «КПО Б.В.» компаниясы арасында тиімді байланыс орнатқан облыс әкімдігінің жұмысына оң бағасын берді.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі