
ҚР Премьер-министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Олжас Бектенов әуе қатынасын кеңейту, инфрақұрылымды жаңғырту және цифрлық шешімдерді енгізу бойынша нақты міндеттер жүктеді. Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев селекторлық режимде қатысты.
Кейінгі үш жылда өңірдің авиация саласында айтарлықтай өсім байқалып, әуе кемелерінің ұшып-қону жиілігі 24%-ға, максималды ұшу салмағы 49%-ға, жүк пен пошта өңдеу көлемі 48%-ға, ал жолаушылар ағыны 43%-ға артқан. Бүгінгі таңда Мәншүк Мәметова атындағы «Орал» халықаралық әуежайы арқылы 5 республикалық және 2 тұрақты халықаралық бағыт бойынша рейстер орындалуда. Сонымен қатар, маусымдық Анталья мен Шарм-эль-Шейх қалаларына рейстерден бөлек, алдағы айда Стамбул –Орал –Стамбул бағытында жаңа тұрақты рейс ашу жоспарланған. Бұл өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, халықаралық байланыстарды нығайтуға серпін береді. Оған қоса, Көлік министрлігімен бірлесіп Атырау мен Қарағанды бағыттарын субсидиялау және ресейлік компаниялармен Мәскеу қаласына әуе қатынасын ашу мүмкіндіктері зерделеніп жатыр.
Әуежайдың өткізу қабілетін арттыру мақсатында былтыр рульдеу жолағы мен перронға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылым мен авиациялық қауіпсіздік жүйелері толық жаңартылды. Сонымен қатар, цифрландыру бағыты аясында рейстерді нақты уақыт режимінде бақылайтын операциялық деректер базасы мен IT-инфрақұрылымды мониторингтеу жүйесі іске қосылды. Бұл жолаушыларды ақпараттандыру, тіркеу және жүк беру үдерістерін айтарлықтай жеңілдетті. 2026–2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында әуежай инфрақұрылымын кезең-кезеңімен одан әрі дамыту көзделіп отыр.
Үкімет жиынының қорытындысы бойынша облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірде шағын авиацияны дамыту мәселесін пысықтауды тапсырды. Әсіресе, туристік әлеуеті жоғары Бөкей ордасы ауданына әуе қатынасын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды басты міндет ретінде белгіледі.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі