
Орал қаласында өткен «Жасанды интеллект негізіндегі зияткерлік телемедицина» атты Қазақстан–Корея халықаралық симпозиумы аясында облыстық көпбейінді ауруханада жаңа телемедицина орталығы ашылды. Салтанатты шараға аймақ басшысы Нариман Төреғалиев пен Корея Республикасының Католиктік Квандонг университеті жанындағы «Әулие Мария» халықаралық клиникасының президенті Ко Донг Хён бастаған делегация қатысты.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 38 емдеу мекемесі телемедицина жүйесіне қосылған. Жыл басынан бері 383 пациент осы заманауи тәсілдің көмегімен қажетті медициналық кеңес алды. Бұл бастама әсіресе шалғай ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы. Бүгін пайдалануға берілген арнайы бөлме заманауи компьютерлермен, жоғары жылдамдықты интернетпен және сапалы бейнебайланыс құрылғыларымен толық жабдықталған. Осының арқасында жергілікті дәрігерлер шетелдік әріптестерімен жедел байланыс орнатып, науқастарды қашықтан қабылдау мүмкіндігіне ие болды.
Бұл жоба — облыс әкімінің былтырғы қараша айында Оңтүстік Кореяға жасаған жұмыс сапарының нақты нәтижесі. Сол кездесулердің қорытындысы бойынша БҚО мен Корея арасындағы серіктестік жаңа деңгейге көтеріліп, қос тарап бірнеше бағыт бойынша маңызды меморандумдарға қол қойған болатын. Салтанатты шарада сөз алған Нариман Төреғалиев бұл ынтымақтастықтың өңір медицинасына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
— Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында қашықтан медициналық қызмет көрсетуді, яғни телемедицинаны дамытудың маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Біз осы бағытта оңтүстік кореялық әріптестермен тиімді байланыс орнаттық. Бүгін денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған сол келісімдердің нақты іске асқанына куә болып отырмыз, — деді аймақ басшысы.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі