БҚО ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БОЙЫНША КӨШБАСШЫ ӨҢІРЛЕР ҚАТАРЫНДА

БҚО ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БОЙЫНША КӨШБАСШЫ ӨҢІРЛЕР ҚАТАРЫНДА

 

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы кедергілерді жою және шетелдік капиталды тарту жұмыстарын күшейту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Маңызды жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев селекторлық режимде қатысты.

Үкімет басшысы өз сөзінде инвестициялық бағытта жүйелі шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, тәжірибеде инвесторлар мен бизнес өкілдерінің өтініштерін қарауда формальды көзқарас пен мемлекеттік органдар тарапынан әкімшілік кідірістердің кездесетінін сынға алып, бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру қажеттігін жеткізді.

Батыс Қазақстан облысы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда айқындалған басым міндеттерге сәйкес тұрақты дамып келеді. Өңірде инвесторлар үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Кейінгі 3 жылда негізгі капиталға 2,3 трлн теңге инвестиция тартылды. 2023–2025 жылдары инвестиция көлемінің орташа жылдық өсімі 15%-ды құраса, 2026 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 135 млрд теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,4%-ға артты. Жоспар 12,5%-ға артығымен орындалуда. Бүгінде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа аясында жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 100-ге жуық жоба іске асырылуда.

Кеңес қорытындысы бойынша аймақ басшысы өңірдегі жауапты құрылымдарға бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру туралы нақты тапсырмалар берді. Нариман Төреғалиев бүгін өткен «Өсу капиталы: аймақтың жаңа мүмкіндіктері» атты инвестициялық форумның бизнес қауымдастықпен өзара іс-қимылды нығайту және инвесторлардың құқығын қорғау бағытындағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу сапасын арттырып, алдағы уақытта да бірлескен іс-шараларды нәтижелі іске асыру қажеттігіне тоқталды.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі