АУЫЛ ЭКОНОМИКАСЫ МЕН БЮДЖЕТІ: БҮГІНГІ ӘКІМНІҢ РӨЛІ

АУЫЛ ЭКОНОМИКАСЫ МЕН БЮДЖЕТІ: БҮГІНГІ ӘКІМНІҢ РӨЛІ

 

Ауыл әкімдерінің І облыстық форумы аясында «Ауыл экономикасы мен бюджеті: бүгінгі әкімнің рөлі» тақырыбында секция отырысы өтті. Оған аймақ басшысының орынбасары Тілепберген Каюпов төрағалық етіп, салалық департамент, басқарма басшылары спикер ретінде қатысты.

Панельдік сессияда ауыл экономикасын дамыту, жергілікті бюджетті тиімді жоспарлау мен пайдалану, салық базасын кеңейту, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру және коммуналдық активтерді басқару мәселелері жан-жақты талқыланды. Спикерлер нақты тәжірибеге сүйене отырып, қолда бар мүмкіндіктер мен тетіктерді тиімді пайдалану жолдарын түсіндірді. Әсіресе, кіріс көздерін ұлғайту, кәсіпкерлікті қолдау, бюджет қаражатын тиімді игеру және рәсімдік кедергілерді азайту бағыттарына ерекше назар аударылды. Ауыл әкімдері толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын да ортаға салды.

Айта кетейік, осы аптада Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңашылдықтардың ішінде кірістердің бір бөлігін ауылдық округтер деңгейіне беру бар. Бұған заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығы, сондай-ақ тіркелген жері бойынша құжат тапсырғанға немесе рұқсат алғанға дейін төленетін лицензиялық алымдар жатады.