ЖӘНІБЕКТІКТЕР ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

ЖӘНІБЕКТІКТЕР ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

 

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапары аясында Жәнібек ауданының алқа отырысын өткізді. Жаңа Конституция жобасының мәні мен мазмұнын кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіруге арналған жиынға жергілікті атқарушы орган өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым көшбасшылары, еңбек ардагерлері және жастар қатысты.

Аймақ басшысы конституциялық реформа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған саяси жаңғыртулардың заңды әрі дәйекті жалғасы екенін атап өтті.

- Халықтың ұсыныс-пікірі ескеріле отырып, ашық әрі жария талқыланған конституциялық реформа «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатына сай әзірленді. Ұсынылған жобада еліміздің қарқынды дамуына, ұлтымыздың ұйысуына қажетті іргелі қағидаттар мен құндылықтар толық қамтылған. Ендігі міндет - төл тарихымыздан тамыр тартатын, уақыт талабымен үндесетін өзгерістерді қоғам арасында кеңінен түсіндіру, - деді Нариман Төреғалиев.

Аудандық мәслихат төрағасы Тахир Кадимов жергілікті коалиция мүшелері халықпен кездесіп, жаңа Ата Заң жобасын жан-жақты түсіндіріп жатқанын жеткізді.

- Тұрғындармен тілдескенде олар ел талқысына ұсынылған жобаның мәтіні ұғынықты әрі нақты жазылғанын айтады. Бұл құжаттың мазмұнын әр азаматтың еркін түсінуіне мүмкіндік береді және оны толық негізде «Халық Конституциясы» деп атауға болады. Өйткені онда азаматтардың үні, сұранысы мен болашаққа деген сенімі көрініс тапқан, - деді Тахир Зейнұрұлы.

Ардагер ұстаз Гүлнәр Қайырлиева ел тағдырына тікелей әсер ететін түпкілікті шешім қабылдауды халықтың еркіне қалдыру әр азаматқа берілген сенім мен жауапкершілік екенін терең сезіну қажеттігіне екпін түсірді. Жастар көшбасшысы Меңдіхан Халиханов конституциялық реформаны құрдас-тұстастарымен талқылағанын айта келе, ондағы жаңа нормалардың ел ертеңі үшін маңызын атап өтті.

Жиынға қатысушылар жаңа Конституция жобасына қолдау білдіретінін айтып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыра беретінін жеткізді.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі