Оралда бокстан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты басталды

Оралда бокстан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты басталды

 

Бүгін Орал қаласында 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – аталған жас санаты бойынша ел біріншілігінің Орал өңірінде алғаш рет ұйымдастырылуы.

Байрақты бәсекеге еліміздің барлық өңірлерінен келген 230-ға жуық жас боксшы қатысуда. Олар 33 келі салмақ дәрежесінен бастап 70 келіге дейінгі аралықта чемпиондық атақ пен жүлделі орындар үшін өзара бақ сынайды.

Чемпионаттың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, 2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов және Қазақстан Республикасының бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы Аслан Егеубаев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тілеп, ақ жол тіледі.

Айта кетейік, бұл ел чемпионаты Өзбекстанның Ташкент қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына іріктеу кезеңі болып табылады. Сондықтан жарыстың деңгейі жоғары, ал тартыс ерекше болмақ.