
Достық үйінде тоғызқұмалақтың классика түрінен Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті. Ұлттық зияткерлік спортты ұлықтаған бұл бәсекеге облыс орталығы мен аудандардан келген ең мықты спортшылар қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Ұлттық спорт түрлерінен облыстық жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ерболат Байбатыров, спорт ардагері Айтбай Тастайбеков, сондай-ақ тоғызқұмалақтан облыстың ересектер командасының аға жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері Әсет Қайыржанов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ерболат Байбатыров тоғызқұмалақтың ұлттық мұра ретіндегі маңызын атап өтті:
– Тоғызқұмалақ – халқымыздың сан ғасырлық тарихынан тамыр тартқан, терең ой мен сабырды, есеп пен парасатты талап ететін бірегей ойын. Бүгінгі жарыс ұлттық мұрамызды дәріптеумен қатар, жас ұрпақты ой еңбегіне баулып, зияткерлік қабілетін дамытуға зор мүмкіндік беріп отыр. Бұл жарысқа жиналған спортшылардың әрқайсысы өз өңірінің намысын қорғап, жоғары дайындықпен келгеніне сенімдімін. Осындай дүбірлі додалар тәжірибе алмасуға, шеберлікті шыңдауға және тоғызқұмалақтың бұқаралық деңгейде дамуына үлкен серпін береді. Барша қатысушыларға сәттілік, әділ бәсеке тілеймін. Ұлттық спортымыздың мерейі әрдайым үстем болсын, – деді ол.
Сонымен қатар ашылу салтанатында бірқатар үздік спортшыларға Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, спорт шебері атақтарын растайтын куәліктер және ұлттық дәрежедегі төреші куәліктері салтанатты түрде табысталды.
Чемпионат бойы спортшылар логикалық ойлау қабілеті мен стратегиялық шеберліктерін паш етіп, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Әр кездесу жоғары деңгейде өтіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бұл өз кезегінде ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айқын көрсетті.
Жарыс қорытындысында ерлер арасында бірінші орынды оралдық Серік Бекнұр иеленді. Екінші орын бәйтеректік Алпамыс Оразмұхамбетке бұйырса, үшінші орынды оралдық Әбдірахман Текебай мен бөрлілік Сайлан Матылов өзара бөлісті.
Әйелдер арасында Орал қаласының өкілі Айым Қонасова жеңімпаз атанды. Екінші орынды тағы бір оралдық спортшы Айдана Аманғали иеленсе, үшінші орын бәйтеректік Қарақат Сәлімғали мен оралдық Альбина Ешмұқанға бұйырды.
Чемпионатта үздік нәтиже көрсеткен спортшылар енді Павлодар қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатында өңір намысын қорғайтын болады.
Түгелбай Бисен