БҚО әкімі Чех Республикасының Қазақстандағы Елшісімен кездесті

БҚО әкімі Чех Республикасының Қазақстандағы Елшісімен кездесті


Өңірге Чех Республикасының Өкілетті және Төтенше Елшісі бастаған делегация құрамы келді. Облыс әкімідігінде делегация құрамын облыс әкімі Ғали Есқалиев қабылдады.
Кездесуге облыстық кәсіпкерлік басқармасының, ««Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ, «Қазақ Инвест» ҰК» АҚ, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшылары да қатысты.
Облыс әкімі сөзінде Гикл мырзаның пандемиядан кейін алғашқы болып өңірге атбасын бұрғандығын атап өтті.
– Бізде жаз айларында көптеген елдермен кездесулер аптасын жоспарлаған болатынбыз. Оның ішінде Чех Республикасының да аптасы бар. Басты идея мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты нығайту, бизнес байланысты дамыта түсу, мәдени, экономикалық бағытта көрмелер ұйымдастырудан туындаған еді. Өкінішке орай аталмыш жұмыстарды жүзеге асыру келер жылдың еншісінде қалып отыр, - деді өңір басшысы.
– Батыс Қазақстан облысы Еуропаға жақын өңір. Сонымен қатар, аймаққа Ресей Федерациясының ірі қалалары жақын орналасқан. Каспий теңізі арқылы Таяу Шығысқа шығу мүмкіндігі бар. Сол себепті біздің өңірдің әлеуеті жоғары, - деді облыс басшысы.
Орал қаласының әуежайы жаңартылуда. Мұның Қазақстан бойынша жолаушылар тасымалы мен халықаралық жүк тасымалында ерекше маңызы бар.
Облыс әкімі бүгінгі таңда аймақта чех капиталдың қатысымен 6 компания жұмыс жасайтындығын атап өтті.
Чех Республикасының Қазақстандағы елшісі Р.Гикл мырза облыс әкіміне алғысын білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастық арта беретіндігіне сенім білдірді.
– Біздің компаниялар БҚО-да бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ақсай қаласындағы «Чех қалашығының» тарихы да ерекше. Энергетика саласына замануи қондырғылар орнату жұмыстары да жүргізілуде, - деді Р.Гикл мырза.
Сонымен қатар чехтік компаниялардың ауыл шаруашылығы саласына қызығушылығының зор екендігіне де тоқталды.
– Бұл бағытта агрохимиялық өнімдерді қолдану жұмысты дамыта түспек. БҚО-да ауылшаруашылығы жылыжайларын дамыту жоспарда бар.
Біз жыл сайын Қазақстан кәсіпкерлерімен бірлесе бизнес жоспарларымызды жүзеге асырып келеміз. Бұл бағытта көрмелер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар әуежайларға қондырғалар әкелуді де жоспарлап отырмыз, - деді Р.Гикл мырза.
Елші мырза М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде болып, оқытушылармен өзара инклюзивті білім беру беруде тәжірибе ал алмасуға мүмкіндік бар екендігін айтты.
Кездесу барысында делегация құрамына БҚО-ның инвестициялық әлеуеті жөнінде презентация көрсетілді.
Облыс әкімі Р.Гикл мырзаға рақметін айтып, бизнес жоспарларды жүзеге асыруда екі ел кәсіпкерлері бірлесе жұмыстана беретіндігін жеткізді.
Біз инвестиция тарту ісінде тың жобаларды бірлесе атқаруға әзірміз. Бизнес мықты болса, елдің әлеуеті де көтеріледі. Білім мен мәдениетте де даму қарқын алады. Бастысы, өзара қарым-қатынас нығая түссін! – деді облыс әкімі.
Айта кету керек, сапар барысында делегация құрамы КПО б. в., Ақсай қаласындағы «Czech Camp» компаниясына, облыстық тарихи-өлкетану музейіне барды.