Мал қыстату науқаны қалыпты өтуде

Мал қыстату науқаны қалыпты өтуде


Облыс әкімдігінің М. Ықсанов атындағы залында өңірдегі мал қыстату науқанының өту барысын қадағалау жөніндегі облыстық штабтың отырысы өтті. Жиналысқа облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтың төрағалық етті.
Штаб отырысын ашқан облыс әкімінің орынбасары мал қыстату науқанының бірқалыпты өтіп жатқанын, алайда арқаны кеңге салып, босаңсуға болмайтынын ескертті. «Алда ауа райы тосын мінез көрсетуі де мүмкін. Қолдағы бар мал басын шығынсыз аман алып шығу – біздің негізгі мақсатымыз», – деді Қалияр Шадиярұлы.
Мал қыстағының өту барысы туралы алдымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин баяндады.
– 2025-2026 жылғы мал қыстағына 1 889,1 мың тонна шөп әзірленді, бұл жоспардың 81,6%-ын құрады. Өткен қыстан қалған 421,7 мың тонна шөпті қоса есептегенде барлығы 2 404,7 мың тонна шөп дайындалды. Бұл жалпы қажеттіліктің 103,9%-ы. Сонымен қатар, 154,2 мың тонна жем дайындалды. Өңірімізде 31 273 аулада және 2 322 мал қыстағында төрт түлік қыстатылуда. Жылқы малы толықтай тебінде, – деді Жасұлан Жолдыбайұлы.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, өткен жылдың желтоқсан айының 13-інен бастап мал қолға қараған. Биылғы жылдың 15 қаңтарындағы жағдай бойынша 1 803,9 мың тонна шөп (дайындалғанның 75%-ы) және 118,7 мың тонна жем қоры (дайындалғанның 77%-ы) қолда бар. Мал қыстақтарында 4340 адам жұмыс жасауда. Малшы қауым кейде алай-дүлей боранымен, кейде сақылдаған сары аязымен, ал кейде үскірік желі бет қаратпайтын құбылмалы мінезді қыс маусымына қажетті азық-түлігін, отын-суын ерте бастан қамдап алған. Сонымен қатар әр жердегі қыстақ басы 3451 бірлік қажетті техникамен қамтылған. 2081 қыстақта немесе 89,6%-інде байланыс бар. Қысқы орындардың 1836-іне немесе 79,1%-ына электр желілері тартылған. Барлық қыстақпен жол қатынасы үзілмеген.
Облыс көлемінде бір орама шөптің (250-300 кг) бағасы 3– 12 мың теңге, жемнің түрлеріне қарай бағасы 72-150 мың теңге аралығында сатылуда. Қыстақ науқаны бір қалыпты өтуде, әр ауданда мал қыстағының өтуін штабтар бақылауда ұстауда.
Облыстық штаб отырысына онлайн режімде барлық аудан әкімінің орынбасарлары қатысты. Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов, Казталов ауданы әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Шайжанов мал қыстақтарындағы жағдайдың бірқалыпты, мал азығынан тапшылық жоқ екенін жеткізді.
Штаб отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары мал қыстату науқаны бір қалыпты өтуде деп босаңсуға әлі ерте екенін, науқанның аяқталуына алда екі айдың үстінде уақыт барын еске салды. «Сондықтан қыстақтардағы жағдайды жіті бақылауда ұстауымыз қажет», – деген Қалияр Шадиярұлы бірқатар хаттамалық тапсырмалар берді. Соның ішінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына облыстық штаб мүшелерінің аудандарға шығу кестесін бекітуді тапсырды. Сол кесте бойынша штаб мүшелері ағымдағы жылдың 25 қаңтарына дейін аудандарды аралап, мал қыстақтарына барып, науқанның өту барысын көріп, зерделеулері қажет. Қыстақта тұрған ауыл шаруашылығы жануарларының қажетті мал азығымен қамтамасыз етілуі, мал қыстағы өту барысы туралы мәліметтерді қаңтардың 30-ына дейін ауыл шаруашылығы басқармасына ұсыну тапсырылды.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
«Орал өңрі»