Өткен аптада өңірде індет жұқтырған 47 адам тіркелген

Өткен аптада өңірде індет жұқтырған 47 адам тіркелген

Бұл туралы бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен короновирус індетінің алдын алу жөніндегі жедел штаб отырысында айтылды.

Өңірдің бас санитар дәрігері Мұқамғали Арысбаевтың айтуынша, тұрғындардың қойылған шектеулерді сақтамауы салдарынан індет қайта өршуде. Соңғы кездері дерт жұқтырғандардың қатарында зейнет жасындағылар, медицина және балабақша қызметкерлері, жұмыссыздар мен мемлекеттік қызметшілер бар.

Сондай-ақ ауруды көршілес Ресейден жұқтырып келу фактісі де өршіп тұр. Дерт әсіресе Самара, Саратов облыстарында болып келгендерден көп анықталған. Бүгінде облыста короновирус дертіне сараптама жасайтын 7 лаборатория бар. Індет алғашқы шыққан әзірде короновирусқа тексерілу 16 мың теңге болса, бүгінде ол 8-9 мың теңгеге дейін арзандатылған.

Індеттің таралуына жол бермеу мақсатында құрылған мониторингтік топ мүшелері соңғы кездері жасырын түрде той, садақа секілді жиындар өткізушілердің қатары көбейгенін айтады. Жүргізілген тексерістер барысында қаладағы бірнеше мейрамханаларда адамдардың түрлі жиындар өткізілгендігі анықталған. Тіпті кейбір мейрамхана иелері өзіне берілген ескертулер мен салынған айыппұлды елемей, екінші рет той өткізген факторлар да тіркелген. Әккі болған кәсіпкерлер мейрамхана алдына көлік қойғызбай, есіктерін құлыптап, терезелерін қымтап, қонақтарды артқы есіктерден қабылдаған.

- Өкінішке орай, өңірімізде короновирус індеті қайта өршіп тұр. Бұның барлығы тұрғындардың тәртіпке бағынбауынан болып отыр. Естіп отырғанымыздай, той-топыр жасайтындар  әлі тыйылмай тұр. Сондай жиындар өткізетіндер тек өздерінің бастарына ғана емес, келушілердің де жаппай індет жұқтыруға жағдай жасап отырғандарын түсінбейді. Бізге жеткен мәлімет бойынша бір ауылдың әкімі жақында қаладағы «Жерұйық» мейрамханасында той өткізген. Мемлекеттік қызметші осындай жауапсыздыққа барса, қалған халық не істемейді? Егер айтылған дерек анықталса, ол мемқызметшіге қатаң жаза қолданатын боламыз. Түрлі жиындар өткізу арқылы біз өзіміз жағдайды ушықтырып отырмыз. Аурудың тез жұғатындығын адамдар әлі дұрыс түсінгісі келмейді. Дерт жұқтырған әр науқасты емдеу үшін тәулігіне 30 мың теңгеден астам қаражат жұмсалады. Ауру жұқтырған адам кемінде он күн емханада, кейін үй жағдайында емделеді. Сонда ол толық емделіп шыққанша, жарты миллион теңгедей қаражат жұмсалады. Осындай жиындардың кесірінен індет одан сайын ушығып, жаздағы жағдайға қайта оралар болсақ, жұрттың «Билік қайда қарап отыр? Дәрі-дәрмек жетіспейді», -деп даурығатыны кәміл. Ал сол жағдайға жеткізбей, сақтық шараларын сақтауға келгенде тұрғындар салғырттық танытуда. Дерттің өршуіне тосқауыл болу үшін қадағалауды күшейтуіміз керек. Халық көп жиналатын орындарға жиі тексеріс жүргізу қажет. Соның ішінде мейрамханалар қатаң бақылауға алынатын болады. Егер есіктерін құлыптап алып, ашпай қойса, бұзып ашудың заңды жағын қарастыруымыз керек. Өйтпеске амал қалмады, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Сондай-ақ штаб отырысында транзиттік көліктерді қала сыртымен тоқтатпай өткізіп жіберу керектігі айтылып, түнгі мезгілде көлік қозғалысын шектеу жайы талқыланды.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz