
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында биыл өңірде іске асырылатын ірі жобалар таныстырылды. Сала басшысы Нұржан Өтепбаев осы жылы негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемін 1 трлн 51 млрд теңгеге жеткізу жоспарланғанын айтты. Нәтижесінде қазіргі көрсеткіш 25%-ға артады.
Ірі жобалар қатарында Қарашығанақ кен орнында 6-компрессорды іске қосу, Сәтимолла кен орнында калий тыңайтқышын өндіру, метанол өндіретін газ-химия кешенін салу, муфта өндірісі жобалары бар. Сондай-ақ, «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығында аспан асты елінің әлеуетті инвесторларын тарта отырып, 15 жобаны жүзеге асыру жоспарланды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев инвестициялық әлеуетті арттыру, инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастыру Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы екенін айтты. Аймақ басшысы жауапты мекемелерге инвестициялық жобаларды “Bitrix” ақпараттық жүйесіне енгізуді, Орал қаласы мен аудан әкімдеріне нәтижелі шаралар қабылдауды тапсырды. “Шетелдік инвесторларды тартумен шектелмей, мемлекеттік бағдарламаларды да тұрғындарға түсіндіріп, әсіресе “Ауыл аманаты” бойынша нақты жұмыстану қажет. Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған жобаларды жүйелі жүзеге асыру мәселесі күн тәртібінен түспейді”, - деді облыс әкімі.