ТАСҚАЛА АУДАНЫНДА ТАСҚЫНҒА ӘЗІРЛІК ТИЯНАҚТЫ

ТАСҚАЛА АУДАНЫНДА ТАСҚЫНҒА ӘЗІРЛІК ТИЯНАҚТЫ

 

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев аудан орталығы – Тасқала ауылындағы су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысты. Деркөл өзені Тасқала ауылының ішімен ағып өтетіндіктен, жағадағы жұрт көктем сайын уайымға салынып, әбігерге түседі. Аймақ басшысының былтырғы тапсырмасына сәйкес, "Батыс ирригация" мекемесінің техникаларымен өзеннің айналма тұстары тереңдетіліп, кеңейтілді. Сондай-ақ тасқын кезеңінде ауылды су басу қаупін сейілту үшін ұзындығы 2 шақырым канал қазылды.

Атқарылған жұмыстарды жіті бақылаған облыс әкімі Деркөл өзені бойында каскадты су қоймасы салынатынын айтты. "ҚР Су шаруашылығы және ирригация министрінің жұмыс сапары кезінде өңірдегі өзекті мәселелерді жеткіздім. Түйткілдің түйінін тарқатудың бірден-бір жолы ретінде сыйымдылығы 50 млн текше метрдей су қоймасын салу жоспарланды. Бұл қауіпсіздік үшін ғана емес, ауылшаруашылық жерлерін суару-суландыру мақсатында да маңызды нысан болмақ. Қазір жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатыр", - деді аймақ басшысы.

Сапар аясында тасқынның алдын алу және салдарын жоюға жауапты қызметтердің дайындығы пысықталды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев техникалар мен құрал-жабдықтарды көріп, құзырлы құрылымдарға нақты тапсырмалар берді.