«ҚАУІПСІЗ ӨҢІР» ЖОБАСЫ ӨЗГЕ ОБЛЫСТАРҒА ҮЛГІ РЕТІНДЕ ҰСЫНЫЛДЫ

«ҚАУІПСІЗ ӨҢІР» ЖОБАСЫ ӨЗГЕ ОБЛЫСТАРҒА ҮЛГІ РЕТІНДЕ ҰСЫНЫЛДЫ

 

БҚО полиция департаментінде «Қауіпсіз өңір – сенімді болашақ» тақырыбында гибридті форматта форум өтті. Облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы төрағалық еткен жиынға аймақ басшысы Нариман Төреғалиев, Парламент депутаттары Арман Өтеғұлов, Ләззат Рысбекова, Абзал Құспан, жергілікті мәслихат депутаттары, құқық қорғау, білім беру салалары және атқарушы құрылым өкілдері, жастар қатысты.

Жедел басқару орталығында «Қауіпсіз өңір» жобасы аясында Орал қаласында орнатылған 300 заманауи камераның жұмысы таныстырылды. Аналитикалық мүмкіндіктері бар құрылғылар 225 нүктеде қойылған. Оларды орнату үшін жалпы ұзындығы 116 шақырым жер асты желі жүргізілді. Бұл болашақта да бейнебақылау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект функциясы бар камералар жол қозғалысы ережелерінің сақталуына, білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алуға, іздеуде жүрген күдіктілерді табуға, шартты түрде сотталғандарды бақылауға көмектесіп, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қырағы қадағалайды.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев былтыр бастау алған жобаның алғашқы нәтижелерін оң бағалап, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жалғасатынына сенім білдірді. Аймақ басшысы «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету ісінде ауыл тұрғындарының игі бастамалары да оң әсер еткенін тілге тиек етті. Мәселен, өңірдегі 23 елді мекен алкоголь өнімдерінен бас тартты. Нәтижесінде былтыр 9 ауылдық округте бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Үлгілі үрдісті жалғастыру жөнінде ортақ ой-пікірлер айтылды.

ҚР Парламентінің депутаттары «Заң мен тәртіп» қағидатын заңнамалық тұрғыда нығайтуға бағытталған жұмыстарға тоқталды. Қылмыстық тәуекелдерді анықтауға және азайтуға бағытталған «Қауіпсіз өңір» жобасы өзге облыстарға үлгі ретінде ұсынылғанын жеткізді.

Жиын соңында тараптар биылғы іс-шараларды бірлесе атқару бойынша ортақ келісімге қол қойды. Аталмыш жобаның жүзеге асуына атсалысқан ауыл әкімдері, құқық қорғау және жергілікті атқарушы құрылым өкілдеріне алғыс хаттар табысталды.