Оралда Тәуелсіздік күніне орай «Тарихи жады және ұлттық бірегейлік: ғылым мен қоғам диалогы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференция өткізілді

Оралда Тәуелсіздік күніне орай «Тарихи жады және ұлттық бірегейлік: ғылым мен қоғам диалогы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференция өткізілді

 

Оралда «Атамекен» өнер ордасында Батыс Қазақстан облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орай «Тарихи жады және ұлттық бірегейлік: ғылым мен қоғам диалогы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференция өткізілді.

Конференцияның мақсаты – тарихи жадының философиялық, тарихи және мәдени аспектілерін айқындау, ұлттық бірегейлік пен жаһандану үдерістерінің өзара ықпалын саралау, ұжымдық жады мен тарихи нарративтердің әлеуметтік сананы қалыптастырудағы рөлін талдау.

Сонымен қатар «Заң мен Тәртіп» идеологемасы аясындағы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы құқықтық мемлекеттік ретінде қалыптасуы талқыланды.

Конференцияға тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Берекет Кәрібаев, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қара Әбдіуақап (Түркия), Өзбекстан Ғылым академиясының Қарақалпақ бөлімшесі жанындағы гуманитарлық ғылымдар институтының тарих бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Асқар Жұмашев (Өзбекстан), Карабах университеті Ғылым департаментінің директоры, профессор, доктор Елчин Ибрагимов (Әзербайжан), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеті, Түркітану кафедрасының доценті, PhD докторы Талғат Молдабайұлы (Астана қ.), Хажеттепе университеті, Әдебиет факультеті, түрік халық білімі бөлімінің профессоры, ғылым докторы Өзкул Чобанглу (Түркия) қатысты.