Құрылыс жобалары кідіріп қалмауы тиіс

Құрылыс жобалары кідіріп қалмауы тиіс

Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы ауқымында БҚО бойынша 173 жоба бекітілген. Бүгінге дейін осы жобалардың 40 пайызы аяқталған. Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов хабарлады. Айта кетейік, апта дүйсенбісінде облыс әкімі Ғали Есқалиевтың төрағалығымен өткен жиналыста құрылыс саласына бөлінген бюджет қаражатының игерілуі және күрделі жөндеу жұмысының уақтылы орындалуына қатысты мәселелер талқыланды.

Тимуржан Шәкімовтің баяндауынша, Орал қаласындағы 74 жобаны жүзеге асыруға 12,5 млрд. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 7 жоба ғана аяқталған. «Алдағы уақыттағы ауа райының болжап білу мүмкін емес. Жауын-шашынды кезең келе жатыр. Мейлінше, құрылыс жұмысын қарқынды жүргізу қажет», – деді облыс әкімінің орынбасары. Бағдарлама бойынша аудандардағы жұмыс барысын жеделдету жайы да айтылды. Мәселен, Ақжайықта 8 жобаның бесеуі, Бәйтеректе 10 жобаның екеуі, Бөрліде 8 жобаның екеуі, Жәнібекте 6 жобаның біреуі, Қазталовта 10 жобаның үшеуі ғана жүзеге асса, Қаратөбедегі – 4, Теректідегі – 10, Шыңғырлаудағы 7 нысанның бірде-біреуі тапсырылмаған.

– Аудан әкімдері мен бюджеттік бағдарлама әкімгерлері бір ай ішінде жобаларды толық игеру мәселесін реттеп болуы керек. Жобалардың көбі – Орал қаласындағы автожолдарды жөндеуге байланысты. Кейбір құрылыс нысандарын салу белгіленген мерзімінен кешігуде, – деді Тимуржан Шакимов. Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қазан айында бірқатар жобаны аяқтап үлгеруге күш салынатынын, құрылыс жұмысы жоспарға сәйкес жүруін бақылауға алғанын хабарлады. Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов Жаңаөмір ауылындағы мердігер шотына құрылыс қаражатының 30 пайызы аударылғанымен, жауапты серіктестік мәдениет үйінің іргетасын құйып, қоршауын ғана салып, қаражатты толық игере алмай жатқанын айтты. Облыс әкімі Ғали Есқалиев бұл мәселенің шешімін табуы жөнінде Тимуржан Шәкімовқа тапсырма берді.

Cелекторлық режимде өткен жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев мал азығының дайындығы жөнінде баяндады. Жуырда Ақжайық, Жаңақала және Қазталов аудандарында жем-шөп қорын жоспарға сай жинау аяқталады. Сонда облыстағы шаруашылықтарды мал азығымен қамту толығымен жүзеге асады. Мал азығына деген тапшылықты жою мақсатында Бәйтерек, Теректі, Шыңғырлау аудандарындағы жер телімдерінен шөп шабу, тасымалдау жұмысы ұйымдастырылған. Облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов қысқы кезеңде автожолдарды күтімге алу мәселесін баяндады. Автожолдарды қырып, тегістеу, күтіп ұстау жұмысымен облыс бойынша сегіз мердігер ұйым шұғылданады. Аталған мекемелер қарауында қар аршитын 94 техника бар. Автожол бойында көліктер тоқтап қалған жағдайда жолаушыларға арналған 10 жылыту қосыны дайындалған.

Республикалық маңыздағы автожолдарды күтіп ұстау үшін 359,204 млн. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта осы қаражаттың 59 пайызы игерілген. Қысқы кезеңде 1176 шақырым автожолдың жай-күйі «Қазавтожол» ЖШС БҚОФ назарында болады. 238 шақырым жолды күтіп ұстауды басқа мердігерлер мойнына алып отыр. «Қысқы кезеңде «Қазавтожол» мен мердігерлер әкімдіктен қысқы техника және қосымша күш жұмылдыруды сұрайды. Жолдағы қар аршу, жауын-шашын кезінде жол бетін тегістеу, жөндеу жұмысына тұрғындар жиі наразы болып жатады. «Қазавтожол» бізге қарайлап отырмауы керек. Облысымызға қанша жол техникасы керек? Әр мердігердің материалдық-техникалық базасының дайындығы қай деңгейде? Осыған қатысты нақты талдау жүргізіңдер», – деген облыс әкімі Ғали Есқалиев берілген тапсырмаларды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz