БҚО-ДА ҚХА-НЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «БІРЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ЖОЛЫНДАҒЫ 30 ЖЫЛ» АТТЫ ҚОРЫТЫНДЫ ШАРА ӨТТІ

БҚО-ДА ҚХА-НЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «БІРЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ЖОЛЫНДАҒЫ 30 ЖЫЛ» АТТЫ ҚОРЫТЫНДЫ ШАРА ӨТТІ

 

БҚО-да Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты қорытынды салтанатты шара өтті.

Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып,
өз құттықтау сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, этносаралық келісімді нығайту және ел бірлігін бекемдеудегі рөлін ерекше атап өтті.

– Еліміздегі этносаралық келісім мен қоғамдағы татулықты қамтамасыз етуде Президентіміздің маңызды тапсырмаларының бірі – этносаралық саладағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу. Осыған орай, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ақпараттық-түсіндіру топтары құрылып, тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіліп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы — бұл жай ғана дата емес, ол қоғамның жетілуі мен Қазақстанның тұрақты болашағының негізі болып табылатын бейбітшілік пен келісім құндылықтарына деген берік сенімділіктің символы, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Салтанатты шарада өңір басшысы Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан ел бірлігін нығайту, татулық пен келісімді сақтау, рухани мәдениетті дамыту ісіне елеулі үлес қосқан азаматтарға «Бірлік» медалі мен Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында 300-ден астам кеңестер мен орталықтар, 50-ден астам этномәдени бірлестік қызмет етеді. Олар өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға, қоғамдық пікірді тұрақтандыруға, ортақ құндылықтарды дәріптеуге айтарлықтай үлес қосып келеді.

Сахнада өңірдің этномәдени бірлестіктері мен Достық үйінің шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін ұсынып, түрлі этностардың ұлттық ерекшелігі мен мәдени құндылықтарын таныстырды.