
2025 жылғы 30 қазанда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы туристік-өлкетану және экологиялық-биологиялық бағыттағы ұйымдар басшыларының кеңейтілген отырысын өткізді.
Іс-шарада балаларға қосымша білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелері талқыланып, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру, туризм мен экологиялық бағыттағы жобаларды жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және оқушылардың отансүйгіштігі мен экологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселелері қарастырылды.
Кеңес жұмысына мемлекеттік органдардың, мәслихат депутаттарының, білім беру ұйымдары басшыларының және БАҚ өкілдерінің қатысуымен пікір алмасу өтті.
Қазіргі таңда республикада 40 туристік-өлкетану станциясы мен 13 экологиялық-биологиялық орталық жұмыс істейді, онда 36 мыңнан астам оқушы білім алуда. Сонымен қатар мектептерде «Жасыл клубтар» белсенді дамып, экологиялық жобалар жүзеге асырылуда.
Жаз айларында туристік және экологиялық лагерьлерде миллионға жуық оқушы қатысып, табиғатты зерттеу мен қорғау дағдыларын меңгереді.
Отырыс қорытындысында балалар туризмін дамыту мен экологиялық тәрбиені жетілдіру бойынша нақты ұсынымдар қабылданды. Бұл шаралар жастардың патриоттық сезімін нығайтып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге бағытталған.