
Орал қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында хайуанаттар бағын тазалау жұмысы жүргізілді. Шараға 30-дан астам белсенді ерікті қатысып, табиғатты қорғау мен қаланы көркейту ісіне өз үлестерін қосты.
Акция барысында аумақ қоқыстан тазартылып, арам шөптер орылып, қоршаған ортаға ұқыпты көзқарас танытылды. Іс-шараның негізгі мақсаты - қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты аялауға деген жауапкершілікті арттыру және жастардың азаматтық белсенділігін дамыту.
Батыс Қазақстан облысы Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Чапайұлы шара барысында сөз сөйлеп, бастаманың маңыздылығын атап өтті: «Қоршаған ортаға қамқорлық көрсету - әрбір азаматтың парызы. Бүгінгі жастар өз еңбегімен қаланың тазалығына үлес қосып қана қоймай, өзгелерге де үлгі болуда. Мұндай игі істер дәстүрге айналуы тиіс», – деді ол.
Нәтижесінде хайуанаттар бағы аумағы тазаланып, келушілер үшін таза әрі жайлы орта қалыптасты. Қала тұрғындары мен қонақтар еріктілерге ризашылықтарын білдіріп, мұндай шаралардың жалғасуын қолдайтындарын айтты.
Ұйымдастырушылар «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы экологиялық бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Бұл - бір күндік іс-шара емес, бүкіл қоғам болып атқаратын ортақ міндет. Табиғатты қорғау - бүгінгі жауапкершілігіміз әрі келешек ұрпаққа қалдырар аманатымыз.
#ТазаҚазақстан #экология #тазақала #TazaChallenge