Ақжайыққа инвестор іздестірілуде

Ақжайыққа инвестор іздестірілуде

Бүгінде Орал қаласы аумағында Ақжайық шағын ауданының құрылыс жұмыстары жалғасуда. «AQJAIYQ» ӘКК АҚ инвесторларға арнап инвестициялық ұсыныстар дайындады. Онда инвесторлармен келісімшарт жасай отырып, оларға құрылыс нысандарын салуға жер телімдері кадастрлық құнының 34 пайызын төлеуге  жеңілдікпен берілетіні көрсетілген. Қазіргі уақытта сыртқы инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталған.

Осыдан бір-екі жыл бұрын жергілікті атқарушы құрылымдар қалада тұрғын үй кезегіне тұрғандардың, мемлекеттік қызметшілердің, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында әлеуметтік және коммерциялық тұрғын үй салу үшін жаңа «Ақжайық» шағын ауданының жобасын әзірлеген болатын.

- Жеке инвесторларды құрылыс жұмыстарына қатысуға шақырамыз. Бұл шағын ауданда болашақта 50 мыңның үстінде тұрғын тірлік етеді.  «Қазақстанның тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ -ның желісі бойынша 80 мыңнан астам салымшы бар. Банк филиалымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, әлеуетті салымшылар анықталды.   Қазіргі уақытта жаңа шағын ауданда құрылыс жүргізуге ынталы жеке инвесторлармен келіссөздер жүргізудеміз. Құрылыс жұмыстарына қатысуға ықыласты жергілікті және өзге облыстардан бірқатар компаниялар бар, - деді «AQJAIYQ» ӘКК АҚ-ның басқарма төрғасы Надір Құрымбаев.

Қаланың 420 гектар жаңа аумағында 5 шағын аудан болады. Басты мәселе  - құрылыс жұмыстарына жеке инвестиция тарту. Мұндағы екі шағын ауданда мемлекеттік тұрғын үйлердің құрылыстары жүргізілмек. Бүгінде оның жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамадан өткізілуде. Алдағы 2021 жылы тұрғын үйлердің құрылысы басталады деп күтілуде. Шағын ауданда мектеп, медициналық кластер орталығы, балабақшалар болады. Ботаникалық саябақ салынады. Балабақшалар көп қабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатынан ашылады.  Шамамен 200-дей көп қабатты тұрғын үй бой көтермек. Шағын аудандағы инфрақұрылымды (газ, су, электр, кәріз) тартуға республикалық бюджеттен 4 млрд теңге бөлініп, толықтай игерілді. Сондай-ақ ауданда алдымен күре жолдар, сондан кейін кварталішілік аутожолдар тұрғын үй құрылыс жұмыстарымен қатар салынбақ. Жол құрылысының жобалары сараптамадан өткізілуде.    Жолдардың құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен  жүргізіледі.

- Қалада құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Инвесторлар тарапынан құрылыс саласына инвестиция салуға ықылас күшті. Одан басқа өңірде тұрғын үйге деген сұраныс азаяр емес. Шаһарда құрылыс нысандарын салуға жер телімі жетпейді. Ақжайық шағын ауданының толық жоспары қаланың бас жоспарына сәйкес жасақталған. Сондықтан жеке инвесторларға инвестициялық ұсыныстар дайындадық. Инвесторларға қызмет көрсету орталығы арқылы жеке инвестиция салуға құлықты жеке инвесторларға жобаларды толықтай іске асыруға барлық қолдау көрсетілмек.  Өзге өңірлерден де инвесторлар тарту көзделген. Облыстан екі кәсіпкер инвестиция салуға ниеттеніп отыр, - деді Н.Құрымбаев. Төрағаның айтуынша, жаңа шағын аудандағы құрылыс жұмыстары 6-7 жылға созылмақ. Шағын аудандар құрылысы 2021 жылдың көктемінде басталмақ. Қала мен Ақжайық шағын ауданын жалғастыратын қалалық саябақ пен Шаған өзені арқылы өтетін көпір құрылысы жаңа шағын аудан салынып болғаннан кейін салынады деп жоспарланған.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz