Батыс Қазақстан облысында Республика күніне орай мемлекеттік наградалар табысталды

Батыс Қазақстан облысында Республика күніне орай мемлекеттік наградалар табысталды
 
 
Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ел игілігі жолындағы табанды еңбегімен үлес қосқан батысқазақстандықтар ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік және ведомстволық наградталды.
 
Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, сала мамандарын ұлттық мерекемен құттықтап, марапат иелеріне наградаларды табыс етті.
 
Өз құттықтау сөзінде өңір басшысы Мемлекет басшысының Республика күніне қатысты айтқан сөзін еске сала отырып:
 
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев “Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке” деген болатын.
Осы ретте, өңіріміздің дамуына зор үлес қосқан бірқатар жерлестеріміздің Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес марапаттарға ие болуы – олардың еңбегіне берілген жоғары баға. Әсіресе, биылғы “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында маңдай терімен еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі ел тарапынан лайықты бағалануда», – деді Нариман Төреғалиев.
 
Марапатталғандар қатарында еңбек ардагері. денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мәдениет, өндіріс және қоғамдық қызмет саласында еңбек етіп жүрген түрлі сала өкілдері бар.
 
Салтанатты жиындамемлекеттік және ведомстволық наградалар:
•III дәрежелі “Барыс” ордені,
•“Парасат” ордені,
•III дәрежелі “Еңбек даңқы” ордені,
•“Ерен еңбегі үшін” медалі,
•“Шапағат” медалі,
•“Мемлекеттік қызмет ардагері” төсбелгісі,
•“Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атағы табысталды.