
Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысында елдік пен бірлікті нығайтатын, рухты көтеретін бірқатар маңызды іс-шаралар өтті.
Бүгін Орал қаласында Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету мақсатында Ту көтеру рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, өңірдің ардагерлері, жастар ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер және қоғам белсенділері қатысты.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Әсем әуенмен бірге еліміздің көк Туы биікке көтеріліп, жиналған жұртшылық рухты сәтті ерекше сезіммен қабылдады.
Ұлттық мерекеміз Республика күні қарсаңында облыста бірнеше игі істер атқарылып, халықтың қуанышын еселеді. Бәйтерек ауданының Достық ауылында 1200 орындық жаңа үлгідегі «Келешек мектебі» пайдалануға беріліп, мектеп ауласында 1-сынып оқушыларымен бірге 100 түп ағаш отырғызу бастамасы тәрбиелік мәні зор жаңа дәстүрге айналды.
Сонымен қатар, Орал қаласында жаңғыртудан өткен Жайық жағалауы бойындағы саябақ қайта қолданысқа берілді. Жаңғырту жұмыстары аясында саябақта жарық жүйесі жаңартылып, 16 мың шаршы метрге жуық көгал төселіп, ағаштар отырғызылды. Балалар алаңы, воркаут, субұрқақ және демалыс аймағы да тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырды.
Мереке қарсаңындағы тағы бір қуанышты жаңалық - Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы III Азия чемпионатында велоспорттан батысқазақстандық Ирина Ивановская алтын жүлдеге ие болып, Азия чемпионы атанды.