
2025 жылғы 20 қазан күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Квандонг университеті жанындағы Халықаралық клиника («Святой Марии», Республика Корея) өкілдерімен кездесу өткізді. Делегацияны клиниканың президенті әрі бас директоры Ко Дон Хён мырза бастап келді.
Кездесу барысында тараптар денсаулық сақтау саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында келесі бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеу жоспарлануда:
- медициналық тәжірибе және ақпарат алмасу;
- халықаралық жобаларды жүзеге асыру;
- заманауи емдеу әдістері мен технологияларды енгізу;
- қазақстандық медицина қызметкерлерін Оңтүстік Кореяда оқыту және біліктілігін арттыру;
- күрделі аурулар бойынша кәсіби консультациялар өткізу.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев өз сөзінде халықаралық серіктестіктің өңірлік медицина жүйесін дамытудағы маңыздылығын атап өтті. Әкімнің айтуынша, мұндай ынтымақтастық өңір тұрғындарының денсаулығын жақсартуға және медициналық қызметтердің сапасын арттыруға оң әсер етеді.
Кездесу соңында тараптар ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестік орнатуға дайын екендіктерін білдіріп, нақты жобаларды бірлесіп іске асыруға уағдаласты.