Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Белес ауылдық округінде метанол өндіретін газхимиялық кешеннің құрылысын бастауға арналған капсула салу салтанатты рәсімі өтті, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Еліміздің газ-химия саласындағы стратегиялық маңызды жоба Zhaik Petroleum LTD компаниясы бастамасымен жүзеге асырылуда.
Метанол – заманауи химия өнеркәсібінің негізгі шикізат. Ол пластмасса, бояу, дәрі-дәрмек, тұрмыстық және өндірістік химия, сондай-ақ экологиялық таза отын өндіруде кеңінен қолданылады.
Инвестиция көлемі – 78,8 млрд теңге, ал өндірістік қуаттылығы – жылына 130 мың тонна метанол. Кешен толық қуатына 2027 жылы шығарылады. Құрылыс кезеңінде және өндіріс іске қосылғаннан кейін 467 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобада заманауи технологиялар қолданылып, отандық газ ресурстары өңделеді.
Салтанатты шараға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бұл жобаның аймақ пен ел экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті:
«Қазақстан Республикасының Президенті өз Жолдауында өңдеу өнеркәсібіне инвестициялар тарту мен жоғары технологиялық өндірістерді дамыту – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
Бүгін қуаттылығы жылына 130 мың тонна метанол өндіретін еліміздегі ең ірі кешеннің құрылысы басталып отыр. Мемлекет бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасап, өндірушілерді қолдаудың түрлі бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Бұл жоба тек ғана Батыс Қазақстан облысы емес, еліміз үшін де маңызды жоба. Осы кешеннің құрылысы басталған соң облысымызда 470-ке жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Зауыттың құрылысы жыл соңында басталып, келесі жылы толық аяқталып, 2027 жылы іске қосылады.» – деді өңір басшысы.
Метанол өндірісін іске қосу Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін арттырып, газ ресурстарын терең өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жоба өңірдің экономикалық өсімін, жаңа жұмыс орындарын және жергілікті бюджеттің тұрақты түсімдерін қамтамасыз етеді.