14 қазан күні Тасқала ауылында облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтті. Отырысқа облыс әкімінің орынбасары К.Е. Мендиғалиев төрағалық етті, сондай-ақ Тасқала ауданының әкімі Т.А. Шакиров белсенді қатысты.
Отырыстың жұмысына облыстық комиссияның тұрақты мүшелерімен қатар прокуратура, құқық қорғау органдары, салалық басқармалар, құқық қорғаушылар, депутаттар, облыс аудандары әкімдерінің орынбасарлары, Тасқала ауданының ауылдық округ әкімдері мен мемлекеттік орган басшылары, қоғам белсенділері қатысты.
Отырыс барысында қала мен аудан жағдайында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, буллингтің алдын алу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар 13 Отбасыны қолдау орталығының, Облыстық әдістемелік психологиялық қолдау орталығының, Арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының, аудандық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялардың және басқа да жауапты органдардың жұмысы қаралды. Негізгі назар өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасылардың мәселелерін уақытылы қарау мен қабылданған шаралардың тиімділігіне аударылды. Сондай-ақ позитивті ата-аналық мәдениетті дамытуға және қауіп тобына жататын отбасы мен балалармен нысаналы жұмыс жүргізуге ерекше көңіл бөлінді.
Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Жұмыс сапарының екінші бөлігінде облыстық комиссия мүшелері аудандық аурухана, мектептер, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, отбасыны қолдау орталығы және басқа да әлеуметтік нысандарды аралап, мекеме қызметкерлерімен өзекті мәселелерді талқылады.