Ақжайық ауданында (Батыс Қазақстан облысы) кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның облыстық мәжілісі өтті. Жұмыстың негізгі өзегі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты Жолдауы болды.
Мәжіліске Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қ.Е.Мендіғалиев төрағалық етті. Сондай-ақ Ақжайық ауданының әкімі М.А.Сердалин қатысты.
Жиын онлайн және офлайн форматтарда өтті, бұл облыстық комиссия мен Ақжайық аудандық комиссиясының мүшелерінің, сондай-ақ барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары – жергілікті комиссия төрағаларының толық қатысуын қамтамасыз етті.
Кездесу барысында өскелең ұрпақтың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы өзекті мәселелер, тәуекелдер жан-жақты талқыланды. Арнайы назар ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге, балалар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың, буллингтің алдын алуға аударылды. Атап айтқанда, биылғы оқу жылында іске қосылған «ДосболLIKE» бағдарламасы қозғалды. Бұл – қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырудағы маңызды қадам. Бағдарлама балалардың қақтығыстарға сындарлы жауап қайтару дағдыларын, әлеуметтік-эмоциялық қабілеттерін дамытуға, қарым-қатынасты оңтайландыруға бағытталған. «Біздің міндет – оны оқу орындарында табысты жүзеге асыру үшін барлық шараларды қабылдау», – деп атап өтті қатысушылар.
«Президентіміз болашақта цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған бірыңғай тұжырымдамалық стратегия жасалатынын ерекше атап өтті. Бұл көптеген бастамалардың, соның ішінде балаларға қатысты шаралардың да үйлесімді іске асырылатынын білдіреді. Қазірдің өзінде БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), ІІМ, Жастар және отбасы істері жөніндегі комитет, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қатысуымен онлайн-зорлық-зомбылықпен, қанаумен, қатыгездікпен, кибербуллингпен және орынсыз контентпен күреске бағытталған бағдарлама бар. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті үйлестіруші орган ретінде жұмыс істейді. Заңнамалық база нығайтылуда. Әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты контентті реттеу жүйесі нақтылануда. Балаларды цифрлық кеңістікте қорғау деңгейін арттыру, жаңа нормалар мен технологияларды (мониторинг жүйелері, жасанды интеллект алгоритмдері) енгізу, үйлестіру тетіктерін жетілдіру – қауіптердің алдын алу мен оларды жедел жоюға бағытталған. Бұл бағытта мониторинг пен кері байланыс маңызды. Яғни балалар мен ата-аналардың шағымдары мен ұсыныстарын жеткізуге, балалардың ішкі жағдайын анықтауға мүмкіндік беретін механизм құрылады. Мұндай тәжірибе бізде бар – «Көмек Stop bullying» жүйесі. Бұл жұмысты кеңейтіп, жаңа сындарлы қадамдар жасау қажет», – деді облыс әкімінің орынбасары Қ.Е.Мендіғалиев.
Сондай-ақ өңірлік «Ментор» жобасын іске асыру мәселелері, аудандық комиссиялардың қызметінің тиімділігін бағалау үшін жүргізілген мониторинг нәтижелері және басқа да бағыттар талқыланды.
Көтерілген мәселелер бойынша өз пікірлерін Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары З.И.Мажитова, аудан прокуроры А.Т.Таспиков, аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Т.Елекешов, аудандық мәслихат депутаты К.Ж.Бисегалиев, БҚО Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы О.А.Ибрайымов, БҚО білім басқармасының басшысы Е.Н.Сафуллин, «Stop bullying» қоғамдық бірлестігі басқарма төрағасының орынбасары А.Б.Сабурова, облыстық психологиялық қолдау әдістемелік орталығы директорының орынбасары Н.М.Куанышалиева, БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А.Ж.Губайдуллина, қалалық мәслихат депутаты М.Г.Джардемов, білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы З.Б.Гумарова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің БҚО-дағы өкілі Ж.Ж.Нұрмағамбетова, Батыс Қазақстан облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Ш.С.Өтебалиева және басқалар білдірді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, алдағы бірлескен жұмыстың басымдықтары айқындалды.