Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен облыстық инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті.
Жиында өңір экономикасына отандық және шетелдік инвестицияларды тарту мәселелері қаралды. Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл бағытты Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басты басымдықтарының бірі ретінде белгілегенін атап өтті.
«Қолайлы инвестициялық ахуал құру – өңір экономикасының орнықты дамуының негізі. Бұл жаңа өндірістерді іске қосуға, жұмыс орындарын көбейтуге, салықтық түсімдерді арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға жол ашады» – деді Нариман Төреғалиев.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев баяндамасында бірқатар ірі жобаларға тоқталды. Атап айтқанда, сұйық метанол өндіру, Ақжайық ауданындағы «Сатимола» калий тұзы кен орнын игеру жұмыстары және өзге де инвестициялық бастамалар таныстырылды. Сонымен қатар облыс делегациясының Қытай Халық Республикасына жасаған сапары барысында алдын ала келісілген қытайлық инвесторларды тарту мәселелері айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі аудан әкімдері мен басқарма басшыларына жетекшілік ететін салалар бойынша инвесторлар тарту жұмыстарын жандандырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды.