Іскер әйелдер форумы: бизнес пен қоғамдағы рөлі

Іскер әйелдер форумы: бизнес пен қоғамдағы рөлі

 

15 шілде күні Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданында «Еңбегі жанған арулар» атты іскер әйелдер форумы өтті. Іс-шараны аймақтың іскер әйелдер қауымдастығы жергілікті билік органдарының қолдауымен ұйымдастырды.

Форум аймақтың экономикасы, әлеуметтік саласы мен мәдениетінің дамуына нақты үлес қосып жүрген белсенді, мақсатты әйелдерді біріктірді. Оның басты мақсаты – еңбекқор, бастамашыл әйелдердің еңбегін дәріптеу, тәжірибе алмасуға жағдай жасау, өзара ынтымақтастықты нығайту және әйел кәсіпкерлігін дамытуға серпін беру.

Құрметті қонақтар қатарында Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов, Батыс Қазақстан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Жансұлу Төремұратова, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шукеева және Шыңғырлау ауданынан келген кәсіпкер әйелдер делегациясы болды.

Өз сөзінде Алтай Тоқжанов мемлекеттік бағдарламалар арқылы әйел кәсіпкерлігіне қолдау көрсетіліп жатқанын, соның нәтижесінде ауданда түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген әйелдердің қатары артып келе жатқанын атап өтті. Ол нарықтық экономиканың күрделі жағдайында өз ісін тауып, аудан дамуына үлес қосқан әйелдерге ризашылығын білдірді.

Форум аясында шағын және орта бизнесті дамыту, әлеуметтік бағыттағы жобаларды қолдау, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, цифрлық контент, сән индустриясы мен білім саласын дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар өз жетістіктерімен бөлісіп, жобаларын таныстырды.

Шара барысында мотивациялық сөздер айтылып, кәсіпкер әйелдер жайлы бейнероликтер көрсетілді, белсенді қатысушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Форум мерекелік концертпен қорытындыланды.

Бұл форум Бөрлі ауданы әйелдерінің өз саласында табысты еңбек етіп, қоғам дамуына нақты үлес қосып жүргенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қатысушылар жаңа идеялар мен шабыт алып, болашақ жобаларына серпін алды.