БҚО-да ветеранария саласына ерекше еңбек сінірген қызметкерлерді марапаттады

БҚО-да ветеранария саласына ерекше еңбек сінірген қызметкерлерді марапаттады

Бүгін Батыс Қазақстан облысында алғаш рет Қазақстан Республикасының Ветеринария қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, ветеринария саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ветеринария саласын дамытудың маңыздылығын атап, алдымызға бірқатар міндеттерді қойды. «Ветеринария саласын жетілдіру қажет. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді» деп айтқан болатын. Осы бағытта өңірімізде ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын ветеринариялық пункттермен, мал қорымдарымен, автокөліктермен  жабдықтау жұмыстары жүзеге асырылып келеді», - деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Салтанатты шара барысында ветеринария саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар сала ардагерлері мен үздік мамандар марапатталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін және Құрмет грамотасы, сондай-ақ облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.

Сала қызметкерлерінің еңбегін лайықты бағалау әрі олардың мәртебесін арттыруға бағытталған шара салтанатты мерекелік концертке ұласты.