2025 жылдың 5 шілде күні Орал қаласында Ұлттық домбыра күніне орай және қазақтың аса көрнекті күйші-композиторы Дәулеткерей Шығайұлының туғанына 205 жыл толуына байланысты республикалық деңгейдегі маңызды мәдени шара ұйымдастырылады.
Орал қаласының әкімдігі мен Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен өтетін VIII Республикалық «Жайық сазы» дәстүрлі өнер фестивалі Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында сағат 20:00-де басталады.
Фестивальге еліміздің әр өңірінен белгілі дәстүрлі өнер шеберлері қатысады. Атап айтқанда, Астана қаласынан – Досым Мақсотов, Алматы қаласынан – Армат Ислямғалиев пен Аманкелді Күзеубай, Қызылорда қаласынан – Әділбек Тәшімов, ал Атырау қаласынан – Жәнібек Жәмиев арнайы қонақ ретінде шақырылған.
Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздар: Жарас Сатыбалдиев, Аслан Ғұмаров, Медет Оразов, Кенессары Болғанбаев, Әмина Ғайниденова, Жасұлан Зинеденов, Тұрлыхан Абуханов, Нұрдана Зинат, сондай-ақ «Алаш» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Әлібек Қуаншалиев және «Салтанат» би ансамблінің жетекшілері Бұлбұл Сапарғалиева мен Мирамгүл Танатова өнер көрсетеді.
Фестиваль аясында жетіген аспабының үнімен ерекшеленетін өнер иелері де сахна төрінен табылмақ: Табиғат Ерменбетова, Гүлназ Құсайынова, Елік Қабдол, Айгерім Нагиденова.
Бұл шара – ұлттық мұра мен күй өнерінің қадірін арттырып, жас ұрпаққа рухани азық сыйлайтын, ел бірлігін нығайтатын ерекше мәдени оқиға болмақ.