Радиокөпір арқылы 44 ауыл интернетпен қамтылады

Радиокөпір арқылы 44 ауыл  интернетпен  қамтылады

 

Облыста  цифрландыру  бағытындағы  жұмыстар  жүйелі  түрде  жалғасуда.  Өңірде  интернетке  және  мобильді  байланысқа  қолжетімділікті  арттыру,  цифрлық  технологияларды  әр  салаға  енгізу,  сондай-ақ  мемлекеттік  қызметтерді  халыққа  ыңғайлы  әрі  ашық  сипатта  ұсыну  күн  тәртібінен  түскен  емес.  Бұл  жөнінде  өңірлік  коммуникациялар  алаңында  өткен  баспасөз  мәслихатында  облыстық  цифрлық  технологиялар  басқармасының  басшысы  Нұрғиса  Қамашев  айтты. 

Қазіргі таңда облыстағы 405 ауылдық елді мекеннің 355-і интернет желісіне қосылған. Ұялы байланыс қызметі 376 ауылға (яғни 93%) жетіп отыр. Байланыс сапасын арттыру мақсатында жүргізілген тексерулер нәтижесінде байланыс операторларына 13,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

– 2024 жылы 23 ауылда жаңа базалық стансалар орнатылғаны белгілі. Ал биыл Beeline және Kcell операторлары Орал мен Ақсай қалаларында, сондай-ақ тағы 28 ауылда жаңа станса салуды, ал 71 елді мекендегі қолданыстағы стансаларды жаңартуды жоспарлап отыр.

Қазірдің өзінде Ақжайық ауданының Тегісжол, Бәйтеректегі Чинарев, Қаратөбенің Шалғын ауылдарында, Тасқала және Теректі аудандарындағы елді мекендерде, сондай-ақ Сырым және Тасқала өткізу пункттерінде базалық стансалар іске қосылған. Сонымен қатар 33 ауылда қолданыстағы стансалар 4G стандартына дейін жаңартылды. Интернет жылдамдығы да артып келеді. «Қазақтелеком» АҚ 2024 жылы «радиокөпір» технологиясы арқылы 16 ауылды интернетпен қамтыды. 2025 жылы GPON технологиясы негізінде Орал, Ақсай қалалары мен 9 аудан орталығында 14 400 порт іске қосылып, 3500-ден астам абонент мыс желісінен оптикаға көшіріледі. Биылғы жылдың алғашқы жартысында GPON арқылы Орал қаласының Ақжайық шағынауданы мен Жымпиты, Тасқала орталықтарында заманауи оптикалық желілер іске қосылды. 2025-2027 жылдары «Қолжетімді интернет» жобасы аясында 220 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс тарту жоспарланған. Бұл жұмыстар республикалық маңызы бар аутожолдарды қамтуға да бағытталуда. Өңірде 7 антеннадіңгек құрылысы жоспарланып, жекешелендіру тізбесіне енгізілуде. Орал қаласында Kcell компаниясы 5G стандартында 74 базалық станса орнатып үлгерді. 2025 жылы тағы үш станса іске қосылмақ, – деді Нұрғиса Мәлікұлы.

Бұдан бөлек облыста IT саласын дамытуға басымдық берілуде. Цифрлық технологиялар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, денсаулық, қауіпсіздік және көлік салаларында белсенді енгізілуде. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – iKomek109 бірыңғай call-орталығы. Ол тәулік бойы жұмыс істеп, жыл сайын 80–90 мыңға дейін өтініш қабылдайды. Бұл жоба азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру және коммуналдық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға сеп болды. Сонымен қатар iKomek109 сайлау науқандары кезінде де ақпараттық кеңес беріп, bqosailau2023  телеграм арнасы мен sailau2023 телеграм боты арқылы тұрғындарға өз сайлау учаскесін жылдам табуға мүмкіндік жасалды. Облыстағы барлық ведомстволық сайттар бірыңғай bkogov.kz порталына біріктірілген. Бұрын 900-ден астам жеке сайт болған болса, енді контенттің өзектілігі мен ашықтығы  күшейтілген.

– 2022 жылы Astana Hub – Tech Orda бағдарламасы аясында it-Hub бағдарламалау мектебі ашылып, 50 грант бөлінді. Алты айлық курсты тәжірибелі инженерлер жүргізеді. 47 түлек қазіргі таңда жергілікті IT-компанияларда еңбек етуде. IT саласына қызығушылық танытқан жастар үшін Batys Hub алаңы да ашылды. Бұл – өңірлік стартаптар мен кәсіби қауымдастық үшін тұрақты білім беру және пікір алмасу кеңістігіне айналды. Мұнда Jaiq Hackathon, IT Quiz, Pizza Pitch сияқты іс-шаралар өтті.

БҚИТУ студенттері үшін жасанды интеллект негіздері бойынша оқыту ұйымдастырылды. Облыста мемлекеттік басқаруда заманауи құралдарды енгізу де жалғасуда. Орал қаласында «Орал 365» ақпараттық жүйесі іске қосылып, стратегиялық жоспарлауға бағытталған, – деді  Н. Қамашев. 

Спикердің сөзінше, 2024 жылы қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында Орал қаласында 100 бейнебақылау камерасы орнатылған. Орман өрті қаупінің алдын алу үшін жасанды интеллект функциясымен жабдықталған 10 бейнекамера іске қосылды. Олар Орал, Тайпақ, Чапаев, Базартөбе секілді елді мекендерде орналасқан. Қамашев баяндамасында мемлекеттік қызмет көрсетудегі өзгерістерге  де  тоқталды.

– 2024 жылы облыс бойынша 4 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 98%-дан астамы электронды түрде ұсынылған. Бұл тұрғындардың цифрлық қызметтерді белсенді тұтынатынын және мемлекеттік құрылымдардың цифрлық мәдениетінің артқанын көрсетеді. Азаматтар eGov.kz, eLicense.kz, eGov Mobile қосымшаларын белсенді қолданады. Сонымен қатар кәсіпкерлерге арналған egov.business қосымшасында 430-ға жуық қызмет қолжетімді. Цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында тек  2024 жылдың өзінде 61 мың адамды қамтыған 479 ақпараттық іс-шара өткізілген. Бұл үрдіс 2025 жылы да жалғасын табуда. Жергілікті  мемлекеттік құрылымдардың 42 маманы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Мемлекеттік қызметтердің сапасына бақылау да жүйелі түрде жүргізіліп, 2024 жылы – 185, 2025 жылдың І тоқсанында 33 тексеру жүргізілді. Қорытындылай келгенде, Батыс Қазақстан облысында цифрландыру, байланыс және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі бойынша кешенді және стратегиялық бағытта жұмыс жалғасуда. Негізгі басымдық — халыққа қолайлы жағдай жасау, ашықтық пен технологиялық шешімдердің тиімділігін арттыру, – деді спикер.

Аружан Аманжол,

«Орал  өңірі»