«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы «Семиглавый Мар» станциясына келді

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы  «Семиглавый Мар» станциясына келді

2025 жылғы 1 шілдеде «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданына келді. Алғашқы аялдама — «Семиглавый Мар» станциясы болды. Бұл ерекше станция, себебі оның айналасында ауданның бірнеше шағын елді мекендері орналасқан – Достық, Бастау, Ынтымақ ауылдары.

Дәстүрге сай жұмыс жергілікті тұрғындар, атқарушы органдар өкілдері мен жұртшылықтың аты аңызға айналған пойыз ұжымымен ашық кездесуімен басталды.

Жоба ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына (оның ішінде «Samruk-Kazyna Trust» қоры) және ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне алғысын Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Қ.Е. Мендиғалиев білдірді.

Ауданның шалғай елді мекен тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтау, олардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы бұл жобаның маңыздылығын Тасқала ауданының әкімі Т.А. Шакиров, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Г.М. Абдрахманова, аудандық мәслихат төрайымы, Тасқала ауданы әкімі жанындағы комиссия мүшесі Ж.Н. Бисенғалиева және басқа да ресми тұлғалар атап өтті.

Пойыздың аға дәрігері А.Ж. Саханова мен медиатор Ш.А. Шалғазина көрсетілетін қызметтердің ауқымы жайында кеңінен баяндап, команданы таныстырды. Олар медициналық көмектің тегін көрсетілетінін ерекше атап өтті. Қызметтер тек пойызда ғана емес, халықтың тұратын жерлерінде де ұсынылады. Барлық мамандар – жоғары білікті.

Жергілікті тұрғындар нақты сұрақтарын қойып, көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін жылы лебіздерін білдірді.

Арнайы пойыздың Тасқала ауданындағы жұмысы басталды.