Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды


Облыс әкімі Нариман Төреғалиев бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күніне орай өңіріміздің ақпарат саласында қызмет ететін журналисттермен кездесті.
Кездесу барысында өңір басшысы БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналистика саласына берген жоғары бағасын атап өтті. Журналист — қоғам мен билік арасындағы дәнекер, қоғамдық сананы қалыптастырушы тұлға екендігі айтылып, сала қызметкерлерінің ел алдындағы адалдығы мен еңбегіне алғыс білдірілді.
Шарада Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес бірқатар өңірлік журналистерге мемлекеттік наградалар табысталды:
«Жайық үні» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мира Шүйіншалиева «Құрмет» орденімен, «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлбаршын Әжгереева «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Сонымен қатар, «AQJAIYQ» телеарнасының директоры Клара Камбетоваға Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік медаль табыс етілді.
Сондай-ақ, жуырда ғана Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі Астана қаласында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін қабылдап, еліміздің түрлі өңірінен келген үздіктерге мемлекеттік наградалар табыстағаны атап өтілді. Батыс Қазақстан өңірінен «Хабар» агенттігінің меншікті тілшісі Альбина Құмарғалиева Президент қолынан «Шапағат» медалін алған болатын.
Бұл — өңірлік журналистердің ел өміріндегі маңызды оқиғалар мен қоғамдағы өзекті мәселелерді жарыққа шығарып, мемлекет дамуына қосқан сүбелі үлесінің жоғары деңгейде мойындалуы.