Қытай халық республикасына ресми сапары барысында әкім Нариман Төреғалиев бастаған Батыс Қазақстан облысының делегациясы әлемдегі ірі көмір, жылу, электр және жел энергиясын өндіруші CHN ENERGY мемлекеттік корпорациясының халықаралық бөлімшесінің басшылығымен келіссөздер жүргізді. Кездесу нәтижесінде бірлескен жобаларды іске асыру бойынша үшжақты Жол картасына қол қою рәсімі өтті.
Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерге тікелей инвестициялар тарту, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту және жетекші халықаралық серіктестердің қатысуымен жоғары технологиялық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық тапсырмасын орындау бойынша маңызды қадам болды.
CHN Energy көмір өндіруден электр энергиясын өндіруге, химиялық өңдеуге, көлік пен логистикаға дейін бүкіл өнеркәсіптік циклді қамтиды. Топтың кешенді құрылымы ауқымды инвестициялық жобаларды толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Келіссөздер барысында тараптар энергетикалық нысандарды, соның ішінде «жасыл» генерация элементтері бар жобаларды салу және жаңа технологиялық шешімдерді Қазақстанда бейімдеу мәселелерін талқылады.
Қол қойылған жол картасы техникалық консультациялар жүргізуді, оңтайлы жер телімін таңдауды, алдын ала техникалық-экономикалық сараптаманы және ортақ қаржыландыру үлгілерін айқындауды көздейді.
Тараптар аталмыш жобаның Қытай елі үшін Батыс Қазақстан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін кеңейтетін пилоттық модельге айналады деген сенім білдірді. Бұл бағытта тұрақтылыққа, қауіпсіздікке және жаңа технологиялық дамуға басымдық берілмек.
Облыс әкімі әріптестіктің бұл түрі Мемлекет басшысы айқындаған энергетика және инвестициялық тарту саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарына толық сәйкес келетінін атап өтіп, өңір тарапынан жобаны толық әкімшілік және ұйымдастырушылық қолдауды қамтамасыз етуге дайын екенін білдірді.
Бұл кездесу Қазақстан Республикасының Қытай халық республикасындағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.