Дәстүрлі садақ атудан IV республикалық чемпионат – ұлттық ойындардың дамуына қосқан үлес

Дәстүрлі садақ атудан IV республикалық чемпионат – ұлттық ойындардың дамуына қосқан үлес

Ұлт рухын ұлықтаған мергендер сайысы 18 өңірден 270 спортшыны біріктірді

 

14 маусым күні Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласы тағы бір тарихи оқиғаның куәсі болды. Мұнда ересектер арасында дәстүрлі садақ атудан Қазақстан Республикасының чемпионатының ресми ашылу салтанаты өтті.

Ұлттың өткенін ұлықтап, рухани тұғырын биіктететін бұл бірегей додаға еліміздің 18 өңірінен 270-ке жуық таңдаулы мерген жиналды. Бұл көрсеткіш – ұлттық спортқа деген қызығушылықтың, әрі оны дамытуға бағытталған нақты қадамдардың нәтижесі.

Садақ ату – тек спорт емес. Бұл — ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл мұра, жауынгерлік өнер мен рухани тектіліктің символы. Бүгінде бұл өнер жаңа серпін алып, спорт түрі ретінде қарқынды дамып келеді.

Чемпионат — осы үрдістің айғағы. Жарыс аясында қатысушылар ежелгі садақ түрлері мен оқ ату әдістерін меңгеріп, шеберліктерін ортаға салуда. Әрбір оқ — дәлдік қана емес, тарихпен тілдесу, ата-баба рухымен үндесу.

Турнирдің бағдарламасына бірнеше күрделі және дәстүрлі нысаналар енгізілген. Әр нысана — ежелгі жекпе-жек немесе аңшылық дәстүрдің көрінісі:

Пута нысанасы — 9 оқ, 7 мүмкіндік

Қалқан нысанасы — 9 оқ, 7 мүмкіндік

Орта Азия нысанасы — 6 оқ, 6 мүмкіндік

Жамбы нысанасы — 5 оқ, 5 мүмкіндік

Жарыс барысында мергендер тек спорттық дағдысын ғана емес, шыдамдылық, зейін, сабыр мен үйлесімді қимыл секілді қасиеттерді де паш етеді.

Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне ел көлемінде ұлттық спортты дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар белгілі тұлғалар қатысты. Олар қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық өнердің өрістеуіне атсалысып жүрген азаматтарға алғыстарын білдірді.

Салтанатты рәсімде сөз алған «Sadaq Aty» республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Диас Ахметов ұлттық спорттың мән-маңызы туралы былай деді:

«Дәстүрлі садақ ату — біздің тарихи болмысымыздың ажырамас бөлігі. Бұл — тек дене жаттығуы емес, рух тәрбиесі. Біз тек мергендер жарысын өткізіп жатқан жоқпыз, біз ұлттың рухын оятатын, тамырымызға қайта жан бітіретін шара ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі чемпионат — жастарға ұлттық құндылықтарды сіңірудің нақты жолы»

Чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне Батыс Қазақстан облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, БҚО дәстүрлі садақ ату федерациясы және «Sadaq Aty» республикалық федерациясы ұйытқы болды.
Жарыс 16 маусым күні өз мәресіне жетеді.